Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданының Шаған ауылына табиғи газ қосу рәсіміне қатысты. Салтанатты басқосуға құқық қорғау органдарының, жауапты департамент, басқармалардың басшылары, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары жиналды.
Аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді атап өтіп, шағандықтарды құттықтады.
«Жақында Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыр өңіріне арнайы жұмыс сапарымен келгенде әлеуметтік нысандар мен өндіріс орындарында болды. Сапар кезінде Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын баяндадым.
Президентіміз Астана мен Алматы қалаларындағыдай тәулік бойы қызмет көрсететін үшінші Президенттік кітапхана Қызылордада ашылатындығын жеткізді. Бұл бастаманы жерлестеріміз зор қуанышпен қабылдауда. Мемлекет басшымыз алға қойған жоспарларды уақытылы әрі сапалы іске асырудың маңызын атап өтті. Аймақта инвестициялық климатты жақсарту, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Президентіміздің Сыр өңірінің даму қарқынына, атқарылған жұмыстарға берген оң бағасы бәріміз үшін зор мәртебе.
Биыл өңіріміздің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерінің өсімі қамтамасыз етілді. Жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн. теңгеден асады. Соңғы үш жылда өңір экономикасына 1 триллион 600 млрд. теңге құйылса, осы жылы 720 млрд. теңгеден астам инвестиция тартылады. 2025-2028 жылдары 2 трлн. теңгеден астам қаржыға 90 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 11 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады.
Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен облысымыздың бюджеті 851 млрд. 300 млн. теңгеге жетіп, 2022 жылдан бері 233 пайызға өсті. Оның 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталды.
Баршаңызды Шаған ауылына табиғи газ қосылуымен құттықтаймын! Бұл – бәріміздің ортақ қуанышымыз! Көгілдір отын тұрмыс-тіршілігіміздің тынысын ашып, отбасының жылуын, Отанымыздың қуатын арттыра берсін!», – деді Н.Нәлібаев.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тынымсыз еңбегімен үлес қосқан ардагерлер мен газдандыру жұмыстарын жүргізген мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Қоғам қайраткері Әріп Хожбанов жиналған қауымға бата берді.
Аймақ басшысы газ қосу рәсімінен кейін ауыл тұрғындарымен кездесіп, ой-пікір алмасты, өтініш-тілектерін тыңдады. Облыс аумағында атқарылған, қолға алынған, жоспарланған жұмыстардың бағыты туралы айтты.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!