Түркістан облысында Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан тоғайлы алқаптарды су алу қаупі туындады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шардара ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, ауа райының күрт суытуына байланысты Сырдария өзеніне жоғарыдан 1000 м3 су түсуде. Сол себепті өзен бойында мұз қатып, өзен жағасындағы өзектерге су жайылуда және барлық магистралдық каналдар арқылы көлдерді су алып жатыр.
«Құрметті жергілікті тұрғындар! Сіздерден Сырдария өзенінің жағалауындағы тоғайлы алқапта жүрген малдарыңызға иелік жасауларыңызды және қауіпсіз аймақтарға айдап шығуларыңызды сұраймыз» – делінген Төтенше жағдайлар бөлімі тарапынан таратылған хабарламада.
Айта кетейік, бұдан алдын Сырдария өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты Шардара қоймасындағы су көлемі де артып жатқанын жазған болатынбыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!