Бүгін Сырдария ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев Шіркейлі ауылы «Мәді Қажы» серіктестігінің егін алқабында көктемгі дән себу науқанының басталуына орай өтетін «Дала күні» шарасына қатысты.
«Көктемнің әр күні жылға азық» дейтін диқан қауымының, қызу еңбекке кіріскен сәті. Алыптарға алтын бесік болған Сырдария – жері күрішті, елі ырысты мекен саналады. Бұл өңірден еңбектен бақытын тапқан даңғайыр диқандар шыққан. Аудандағы іргелі шаруашылықтардың бірі «Мәді Қажы» серіктестігінің дән себу рәсіміне қатысып отырмыз. Серіктестік жыл сайын күріштен мол өнім алып, жақсы жетістіктерге жетуде», – деді аудан әкімі Мұрат Нәлқожаұлы.
Биыл ауданда 32 228 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Негізгі дақыл – күріштің көлемі 20 230 гектар. Одан бөлек, 1747 гектар жаздық бидай, 287 гектар мақсары, 15 гектар қант құмайы, 8958 гектар мал азықтық дақылдар және 991 гектарға картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналасатыру жоспарланып отыр.
«Дала күнін» өткізген диқандарға ауыл ақсақалы Біләл Мақашов бата беріп, егіннің бітік шығып, күзде қырманның астыққа толуын тіледі.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!