SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Таразда көпқабатты үйдің бір пәтеріне 16 мысық қамап ұстаған зейнеткерге қатысты дау сотқа дейін жетті. Көршілер санитарлық жағдайдың нашарлағанын, жағымсыз иіс бірнеше қабатқа тарайтынын айтып, жануарларды үйден шығаруды талап еткен. Алайда сот талапты қанағаттандырмады.
Оқиға Тараз қаласында тіркелді. Зейнеткер әйел бір бөлмелі пәтерін түгелдей мысықтарға берген. Өзі ол үйде тұрмайды, тек күн сайын келіп, жануарларды тамақтандырып кетеді.
Көршілердің айтуынша, бір жылдан астам уақыт бойы түрлі мекемелерге шағым жазылғанымен, нәтиже болмаған. Полиция, жергілікті атқарушы органдар және жануарларды қорғау ұйымдары шақырылған. Соған қарамастан, пәтердегі жағдай өзгермеген.
Дау ақыры сотта қаралды. Тұрғындар мысықтарды көпқабатты үйден көшіруді талап еткен. Бірақ сот зейнеткердің пайдасына шешім шығарды.
Әйелдің өзі басқа пәтерде, анасының қасында тұрады. Оның айтуынша, жануарлар асыраусыз емес. Ол 2017 жылы көшеден тасталған бірнеше марғауды паналатқанын, кейін олардың саны күрт көбейіп кеткенін айтады. Қайтадан далаға тастауға қимағанын жеткізген.
Мәселенің түйіні – қалада көпқабатты үйлерде жануар ұстау санына қатысты нақты шектеу жоқ. Осы себепті құқық қорғау органдары да, сот та мысықтарды міндетті түрде шығарту жөнінде талап қоя алмай отыр.
Тараз қаласы Әулиеата ауданы әкімдігі бұл мәселені жергілікті деңгейде заңнамалық тұрғыда көтеруге ниетті. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Медет Нұрмаханов мәлімдеді.
Оның сөзінше, көпқабатты үйлерде жануар ұстауға қатысты шағымдар жиілеген, алайда қолданыстағы нормалар бұл жағдайды нақты реттемейді. Енді мәселе Тараз қалалық мәслихаты деңгейінде қаралмақ.
Айта кетейік, зейнеткерге бұған дейін жануарларға екпе салдырмағаны үшін 85 мың теңге айыппұл салынған. Қазір оған тағы да әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
