Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Бүгін Астанада иттердің халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Ондағы басты мақсат – тазыны әлемдік деңгейде мойындату. Елімізде тазы, төбет ит тұқымын сақтап, оны көбейту аясында қандай іс-шаралар қолға алынып жатыр? Осы сауалға жауап іздеп Kazinform агенттігінің тілшісі Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалимен арнайы сөйлескен еді.

«Алдымен өңіраралық іріктеу болды, ол жерде тазы стандартына сәйкес болуы талап. Солардың ішінен халықаралық комиссияға ұсынып, көрсету үшін әртүрлі жастағы және түстегі 100-ден астам тазыны таңдап алдық. Бүгінгі көрме өте маңызды, себебі осы шараның негізінде халықаралық кинология федерациясы тазының тағдырын шешетін шешім қабылдайды, яғни тазыны қазақы ит деп тану. Сондай-ақ, бүгінгі көрмеде халықаралық комиссия тазыны өз көзімен көріп, тексереді, өйткені құжаттама бір бөлек, ал көзбен куә болу басқа», – деді Бауыржан Серікқали агенттік тілшісіне сұхбат беріп.
Оның айтуынша, халықаралық комиссия тазының қазақ жерінде пайда болып, өрбігеніне көзуі жетуі тиіс, сонда ғана оны «Kazakh Tazy» бренді деуге болады.

«Сонымен қатар комиссия мүшелері итті асырау, баптауды өз көзімен көргісі келеді, сол үшін елімізге арнайы келіп отыр. Комиссияның қандай шешім қабылдайтыны әзірге белгісіз, бірақ, жылдың аяғына дейін бір шешім шығарады деп үміттеніп отырмыз. Іріктеу кезеңіне тазы ұстаушылар барлық өңірден қатысты, өкінішке қарай су тасқынына байланысты кейбір өңір қалыс қалды. Жалпы тазы, төбетті сақтап, одан әрі дамытуға Президенттің тапсырмасы үлкен дем берді, бұл іске мемлекеттік және жергілікті органдар атсалысып жатыр. Болашақта ұлттық тазы орталығы болады деп отырмыз», – дейді ол.
Былтыр тамызда Қазақстан халықаралық кинология федерациясының мүшесі болды.

«Өткен жылы тамызда Женева қаласында халықаралық федерация бізді ресми мойындады. Араға аз уақыт салып, өзіміздің тазыны әлемге танытып, мойындатайық деген оймен өтінім бердік. Соның негізінде біздің елге арнайы комиссия тағайындалды. Сондай-ақ, біздің тазылардың қатысуымен арнайы аңшылық сынақ жасау ойымыз бар. Өйткені, тазы мен аңшылық егіз сөз. Одан бөлек, иттердің жарысын ұйымдастырып, дамыту жоспарда бар. Сол сияқты еліміздегі әр тазының жеке куәлігі болғанын қалап отырмыз. Одан бөлек, бізде төбет бар, оны да мойындату керек, қазір ғалымдар айналысып жатыр. Кейін төбетті де халықаралық деңгейде мойындау бойынша өтініш береміз», – дейді одақ басшысы.
Қазір елімізде шамамен 3-3,5 мың тазы бар.

«Қазақстанда қанша тазы бар деген сауал жиі қойылады. Алдымен айтарым, елімізде біздің одақтан бөлек басқа да тазымен айналысатын ұйымдар бар. Олардың өз есебі бар, оны атап өту керек. Біздің есеп бойынша ел аумағында 3000-3500 тазы тіркелген. Бірақ, құжатсыз жүрген қаншама тазы бар, сол үшін қазір біз есеп жүргізіп жатырмыз. Егер тазы стандартына сай болса, біз оны тіркеп, сәйкесінше құжат береміз. Тазының нақты саны реттелген соң, 2-3 есе өседі деп ойлаймын», – деді Б. Серікқали.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!