«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» ҚР Заңының 16-бабына сәйкес, заң көмегінің нысандары өтеулі негізде көрсетілетін заң көмегі, мемлекет кепілдік берген заң көмегі және кешенді әлеуметтік заң көмегі болып бөлінеді.

Өтеулі негізде заң көмегін көрсету дегеніміз- заң көмегін көрсету туралы жазбаша шарт негізінде жеке және заңды тұлғаларға ақылы түрде көрсетілетін заң көмегі.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі дегеніміз- заң көмегін алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген негізде және тәртіппен, тегін негізде көрсетілетін заң көмегі.

Кешенді әлеуметтік заң көмегі дегеніміз-«Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өмірлік қиын жағдайда жүрген адамдарға, атаулы әлеуметтік көмекке құқығы бар адамдарға, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерге, жасына байланысты зейнеткерлерге, қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы типтегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (ұйымдарда) тұратын қарттар мен мүгедектерге клиентті заң көмегін сұрап өтініш жасаған кезінен бастап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен іс бойынша қорытынды құқықтық шешім қабылданғанға (құқықтық жағдай шешілгенге) дейін құқықтық қолдап отыруды білдіретін өтеусіз заң көмегін шартқа сәйкес көрсету кешенді әлеуметтік заң көмегі болып табылады.

Заң көмегін өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары, заң консультанттары және заң көмегін көрсетіп жүрген және заң көмегін көрсететін тұлғалардың міндетті мүшелікке негізделген коммерциялық емес ұйымдарында және заң консультанттарының палаталарында тұрмайтын жеке тұлғалар көрсетеді.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар.

ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі» туралы Заңының 26-бабы 2-тармағына сәйкес құқықтық консультация беру, сондай-ақ соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға, Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға, Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге және алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға осы Заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсететіледі. Адвокаттар қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттар жасайды.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2018 жылғы 28 қыркүйектегі № 1462 бұйрығымен “Адвокат көрсететін, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу және құқықтық консультация беруге, қорғауға және өкілдік етуге, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуге байланысты шығыстарды өтеу қағидалары» бекітілген.

И.Бәкішева,

Қызылорда облысының әділет департаментінің басшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!