ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің академиясына оқуға енді қыздар да қабылданады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті мен Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінде ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсуге қабылдау басталды.
«Академияға күндізгі оқуға орта білімі бар, он алты жасқа толған, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке және оқуға жарамды Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Жаңа өзгеріс бойынша онда қыздарға да түсуге мүмкіндік бар. Академияға қабылдау медициналық, физикалық және психофизиологиялық көрсеткіштерге сәйкес іріктеу нәтижелерін ескере отырып, ҰБТ сертификатының балдарына сәйкес конкурс бойынша жүргізіледі», – деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Курсанттарды оқыту республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады. Курсанттар барлық оқу кезеңіне тегін киім-кешекпен, тамақпен және мемлекеттік стипендиямен қамтамасыз етіледі.
«Сондай-ақ курсанттарға демалыс кезінде жол жүру ақысы төленеді. Оқу мерзімі – 4 жыл. Оқу уақыты мен мерзімі әскери қызмет өткерумен теңестіріледі», – делінген ақпаратта.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!