Жаңа оқу жылы қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы 100 орындық мектеп пайдалануға берілді. Оған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева мен зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын игі бастаманың іске асуымен құттықтады.
«Жаңа оқу жылы қарсаңында Сыр өңірінің шежірелі мекені, топырағына құт дарыған, берекесі мен бірлігі жарасқан айдынды Арал ауданында Өздеріңізбен жүздескенімізге қуаныштымыз.
Бүгін Тоқабай елді мекенінде №248 орта мектептің жаңа ғимаратының ашылуына жиналдық. Өздеріңіз білетіндей, бұған дейінгі салынған мектеп ғимаратының сапасы сын көтермей, апатты жағдайда деп танылды. Ауыл балалары уақытша әкімдік ғимаратында білім алып келді. Осы жағдайды ескеріп, өткен жылы демеушілік есебінен мектеп ғимаратын қайта салуды қолға алған болатынбыз. Алдымен негізгі оқу корпусының құрылысын аяқтап, балалардың жайлы жерде білім алуына жағдай жасадық. Бүгін құрылыс толық аяқталып, пайдалануға берудеміз.
Аймағымызда әрбір баланың шығармашылықпен, спортпен айналысуына мемлекет тарапынан барлық мүмкіндік жасалуда. 2022 жылдан бері өңірімізде жаңадан 15 мәдениет нысаны бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Барлық 7 ауданда «Руханият орталықтары» салынды. Қызылордада «Отбасы орталығы», «Анаға тағзым», «Өнер орталығы», облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды.
Ассамблеяның 30 жылдығы аясында «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының» қолдауымен «Достық үйінің» жаңа ғимараты бой көтеруде. Нысан алдағы қараша айында пайдалануға беріледі.
Соңғы үш жылда 20 спорт кешені іске қосылды. Биыл тағы 6 спорт кешені келушілерге қызметін бастайды. Президентіміздің қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион құрылысы қарқынды жүруде. Алдағы қыркүйек айында ашылады.
Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы.
Өткен жылдың қазан айында «Самұрық Қазына Траст» қорымен бірлесіп, «Теннис орталығы» ашылды. Биыл «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі, Жалағаш аудандарында жаңа спорт кешендері табысталды. Қордың демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен орнатылған 80 спорт-ойын алаңы ел игілігіне қызмет етуде.
Ізденіс әлемінде білімге деген құлшыныстарыңыз өшпесін, талпыныстарың тоқтамасын! Жаңа оқу жылында шәкірттерге табыс, ұстаздарға шығармашылық шабыт, ата-аналарға қуаныш тілеймін!», – деді Н. Нәлібаев.
Жиында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Наурызбай Байқадамов, Мұрат Ергешбаев құттықтауын жеткізіп, қоғам қайраткері Нажмадин Мұсабаев, Білім беру ісінің үздігі, Арал ауданының құрметті азаматы Үргенішбай Қуатов бата берді.
Айта кетейік, облыс бюджеті 823 млрд. теңгеден асып, 2022 жылдан бері 226 пайызға өсті. Білім беру саласына соңғы үш жылда 812 млрд. 245 млн. теңге, биыл 346 млрд. 800 млн. теңге қаралды.
Қайтарылған активтер есебінен 8 млрд. 200 млн. теңгеге 5 мектептің құрылысы қаржыландырылады.
Қосымша білім беру жүйесін дамыту мақсатында үш жылда 4 «Оқушылар үйі» мен 2 «Өнер мектебі» салынып, зияткер жас ұрпаққа қызмет етуде. 29 тамыз күні Шиелі ауданындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» салтанатты түрде ел игілігіне табысталады. Балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы мамыр айында пайдалануға берілді. Өткен жылы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының демеушілігімен заманауи «Оқушылар сарайы» ашылды.
Қазіргі таңда қайта жаңғыртылуы қолға алынған Президент саябағында жылдың төрт мезгілінде жұмыс істейтін 300 орындық тынығу лагері, Ботаникалық білім беру орталығы салынуда.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!