Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Ашхабад төрінде ұлтымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Ең алдымен, Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедов пен түрікмен халқына Мақтымқұлы Пырағының 300 жылдық мерейтойына орай арнайы шығарылған медальмен марапаттағаны үшін алғыс айтты. Сонымен қатар мұны екі ел арасындағы өзара сый-құрмет пен достықтың белгісі ретінде қабылдайтынын жеткізді.
Мемлекет басшысы салтанатты жиында сөйлеген сөзінде бұл ескерткіштің ашылуын түрікмен бауырлардың қазақ халқына айрықша құрметінің көрінісі деп санайтынын атап өтті.
– Абай – әлемдік ауқымдағы алып тұлға. Оның шығармалары бүкіл адамзаттың асыл мұрасына айналды. Жер жүзіндегі көптеген қалада хакім Абайдың ескерткіші бар. Ұлы ақын саналы ғұмырын ағарту ісіне арнады. Абай «Талап қыл артық білуге» деп, өнер-білім философиясын кеңінен насихаттады. Ол теңдессіз туындылары арқылы мызғымас құндылықтарды дәріптеді. Жұртты отаншылдыққа, білімпаздыққа, еңбекқорлыққа баулыды. Жақсылық пен парасаттылыққа үндеді. Ашхабадта Абай ескерткішінің ашылуы – бауырластығымызды нығайта түсетін бірегей бастама, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент биыл Астанада түрікмен халқының ұлы ойшылы Мақтымқұлы Пырағының ескерткіші ашылғанын еске салып, қазақ елі түркі жұртына ортақ тұлғаның шығармашылығына зор құрметпен қарайтынын жеткізді.
– Шын мәнінде, Абай мен Мақтымқұлы еңбектері – түркі дүниесінің құнды қазынасы. Оны сақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Ұлы ақындарымыздың поэзиясында өзара сабақтастық мысалдары көп. Біз – түбі бір, тарихы ортақ, тілі мен мәдениеті ұқсас халықтармыз. Осы бауырластық елдеріміздің қарым-қатынасына арқау болып отыр. Қазір бұл байланыс стратегиялық серіктестік рухында дамып келе жатыр. Түрікменстанға бүгінгі ресми сапарым – соның айқын дәлелі. Абайдың ескерткіші қазақ-түрікмен достығының символына айналады деп сенемін, – деді Президент.
Өз кезегінде Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы бауырлас халықтардың тарихи және мәдени өмірінде жарқын із қалдырған белгілі тұлғалар, ойшылдар мен ақындар мұрасын сақтаудың және оны болашақ ұрпаққа жеткізудің мәні зор екеніне тоқталды.
– Бүгін біз астанамыз Ашхабадтың тамаша мүйісінде орналасқан ғажап саябақта бауырлас қазақ халқының ұлы ақыны, көрнекті мәдениет және өнер қайраткері Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу рәсімінде бас қосып отырмыз. Баршаңызды осы салтанатты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Түрікмен және қазақ халықтары әлемнің мәдени-рухани қазынасына үлкен үлес қосты. Соған сәйкес, бұл мәдени мұраны тыңғылықты зерттеу, оны кеңінен насихаттау және осы саладағы халықаралық әріптестікті дамыту аса маңызды міндет болып саналады, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Іс-шараға Түрікменстанның зиялы қауым өкілдері және Қазақстанның ресми делегация мүшелері қатысты.
Салтанатты жиында «Калкыныш» би тобы қос халықтың арасындағы мәдени байланыстардың терең тамырын танытатын «Түрікмен-қазақ достығы» атты композициясын ұсынды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!