Фото: Түркістан өңірлік коммуникация қызметі
Жыл басынан бері өңірдегі мекемелер мен кәсіпорындарда еңбек заңнамасына қатысты 134 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 242 заң бұзушылық анықталған. Нәтижесінде мекеме басшыларына 112 нұсқама беріліп, еңбек заңнамасының бұзылуы бойынша 23,6 млн. теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұл туралы Түркістан облысының бақылау жөнінде басқарма басшысының орынбасары Берік Ибадуллаев мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform ақпараттық агенттігі.
Жалпы, 6 ай ішінде 683 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілген. Ал, жұмысшылардың алдында жалақы қарызы бар мекемелерге қатысты құжаттар сот орындаушыларға жолдануда.
«Облыс бойынша 4 кәсіпорында 358 қызметкер алдында 102,2 млн теңге жалақы қарызының бары анықталды. Жұмыс берушілерге нұсқамалар беру арқылы 84,8 млн теңгесі өндіріліп, 280 қызметкердің еңбек құқықтары қорғалды. Қазіргі таңда «Қызмет-Сервис-Арыс» ЖШС-нің 78 жұмыскер алдында 17,4 млн.теңге қарызы бар. Ал, өткен жылдан тағы 2 мекеменің 5 жұмыскер алдында 3,2 млн. теңге жалақы қарызы қалып кеткен. Бүгінде жалақы қарызы бар мекемелерге қатысты тиісті материалдар сот орындаушыларға жолданып, өндіру жұмыстары жалғасып жатыр», – деді Берік Ибадуллаев.
Спикердің сөзіне сүйенсек, жыл басынан бергі 6 ай ішінде өңірде 23 өндірістік жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 27 адам зардап шексе, 7 адам қайтыс болған.
«Жазатайым оқиғалардың орын алуына байланысты 22 іс-құжат жергілікті құқық-қорғау органдарына жолданды. Сонымен қатар, 2024 жылы облыс аумағында ешқандай да еңбек дауы орын алмады. Алайда әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін болған 157 кәсіпорын анықталып, олармен белгіленген жоспар негізінде жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда аталған кәсіпорындарға тұрақты түрде облыстық еңбек инспекторлары мониторинг жұмыстарын жүргізіп келеді», – деді Берік Ибадуллаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!