Биыл Түркістан облысы облысы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде ет бағытындағы заманауи құс фабрикасы жұмысын бастайды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құны 2,5 млрд теңге болатын жаңа инвестициялық жоба 280 мың құсты ұстауға есептелген және өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендегі ірі нысандардың біріне айналмақ.
Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін облыс ішіндегі сұранысты қамтып қана қоймай, еліміздің нарығына да шығып, сапалы құс етін бүкіл Қазақстан бойынша жеткізу жоспарлап отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйенсек, “Eco-Chiken” ЖШС жобасы Сауран ауданын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Жалпы 2024 жылы ауданда жалпы құны 16,4 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.
Маңызды жобалардың бірі ретінде биылғы жылдың соңына дейін аяқталатын, «Ақ Сауран» ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып суару әдісіне негізделген суару жүйесінің құрылысын атап өтуге болады. Аталған жобаға салынған инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Жоба су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған. Бұдан бөлек, ауданда бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері де белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!