Еліміздің экономика және сауда, білім және ғылым саласын басқарған белгілі экономист, ғалым Жақсыбек Құлекеев президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен қарым-қатынасы жайлы айтып берді.

Жақсыбек Құлекеевтің айтуынша, түрмеден шыққан уақытында оны қызметтес тұлғалардың ішінде сол кезде сенат төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш болып үйіне шақырған. «Мен түрмеден шыққан уақытта қазақ болған соң, әрине, жақын туыстарым, айналам шақырып шай беріп жатты. Ал бұрынғы қызметтес болғандардың ішінде үйіне шақырып, бірінші шай берген азамат – Қасым-Жомарт Кемелұлы. Ол кезде Тоқаев сенат төрағасы еді. Түрмеден шығып келген мені күтіп, дастархан жайды. Екеуміз кешкі сағат 6-дан түнгі 2-3-ке дейін ұзақ отырып әңгімелестік. Содан кейін мемлекет мәселелері, қабылданып жатқан шешімдер бойынша пікірімді сұрады. Кетіп бара жатқанымда маған «Жәке, осы айтқандарымды маған жазып берші» деді.

Сосын екі-үш күн отырып, 20-30 парақ қағаз жазып бердім. Анда-санда шақырып тұрады. «Сенің жазғандарыңды әлі тастамай оқып жүрмін» деп айтады. Әрине, оны менің көңілімді аулау үшін айтқан болуы мүмкін. Дегенмен де ондай нәрселер маған қуат беріп жүрді десем артық айтқандық емес», – деп пікір білдірді экономист. Алайда Құлекеев Тоқаевты неліктен «досым» деп атай алмайтынын түсіндірді. «Этикалық тұрғыдан президентті «досым» деп айту дұрыс емес. Егер ол кісі айтатын болса мен үшін үлкен мақтаныш болар еді. Себебі қызметі төмен адамның жоғары қызметтегі адамға досым еді дегені жараспайды. Жақсы азамат, мен оны сыйлаймын десе, сол маған жеткілікті», – дейді ол. Айта кетейік, сәуір айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада белгілі экономист Жақсыбек Құлекеевті қабылдағанын хабарлағанбыз.

Онда Жақсыбек Құлекеев Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы өзінің көзқарасын айтқан. Еске сала кетсек, Жақсыбек Құлекеев «Қазақстан темір жолы» компаниясын басқарған тұста, 2008 жылы 100 мың доллар көлемінде пара алды деген күдікпен қамауға алынған болатын. Қызмет бабын асыра пайдалана отырып жасаған заңсыздықтары үшін кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылған еді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!