Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Бекзат Саттарханов пен Денис Теннің анасымен кездесті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Астанада министр даңқты боксшы, Сидней Олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановтың аяулы анасы Сырлыкүл Саттарханованы және әлемге Қазақстанды танытқан мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері Денис Теннің анасы Оксана Тенді қабылдады.

Кездесу барысында Ербол Мырзабосынов ел байрағын көкте желбіретіп, Әнұранымызды тартысты бәсекелерде шырқатқан саңлақтардың есімі ел есінде екенін жеткізді. Олардың рухын ұлықтау жолында қос ананың аянбай еңбек етіп жүргенін атап өтті.

“Халқымыз «Алып анадан туады» деп бекер айтпаған. Шынында да, адам бойындағы асыл қасиет пен таудай талап ананың ақ сүтімен дариды. Ана баласына берген тәрбиесі мен шексіз махаббаты оның болашағына жарқын жол ашады. Сіздер ұлдарыңызды спорт үйірмесіне қаршадайынан жетелеп апарып, чемпион атануы үшін барлық жағдайды жасадыңыздар. Саңлақтарымыз арамыздан алыстап кетсе де, олардың рухын ұлықтау, есімін ел жадында мәңгі сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүргендеріңізге куәміз. Батырларымыздың аты өшпей, әлі күнге дейін жас жеткіншектердің кумирі болып келе жатқаны ең алдымен, сіздердің арқаларыңыз», – деді Ербол Мырзабосынов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!