2022 жылғы 9-12 қараша аралығында Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 28237 және 68303 әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткеру үшін іріктеу жүзеге асырылатын болады, деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті мәлімдеді.
Мерзімді қызмет өткерген сарбаздар мен сержанттарға азаматтық қорғау органдарына жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ ағымдағы жылдан бастап азаматтық қорғау қызметкерлері үшін Отбасы банкінде тұрғын үй қарыздары бойынша жеңілдікпен кредит беру енгізіледі.
Әскери қызметті жалғастырғысы келетіндер үшін келісімшарт бойынша ҚР ТЖМ әскери бөлімдерінде қызметте қалуға мүмкіндік бар.
Қорғаныс, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің, сондай-ақ елдің жетекші жоғары оқу орындарының жаңа бірлескен жобасына сәйкес мерзімді әскери қызмет өткерген барлық азаматтарға әңгімелесу нәтижелері бойынша және Ұлттық бірыңғай тестілеуді есепке алмай ақылы негізде ЖОО-ға оқуға түсу мүмкіндігін беру көзделеді.
Осылайша, қызмет өткеру кезеңінде ерекше көзге түскен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер мерзімді әскери қызмет өткергеннен кейін екі жыл ішінде ЖОО-ға түсуге және ақылы негізде жоғары білім алуға мүмкіндік алады.
Мерзімді әскери қызмет кезеңінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген жекелеген, неғұрлым тәртіпті, лайықты әскери қызметшілерге ЖОО гранттары есебінен тегін жоғары білім алу мүмкіндігі берілетін болады.
Еліміздің барлық өңірлеріндегі 50-ге жуық жоғары оқу орындары мерзімді әскери қызмет өткерген жастарға білім беру жеңілдіктерін беру ниетін растады.
Жобаны іске асыру 2023 жылдан басталады. Білім алу жеңілдіктері қазіргі уақытта мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан және 2022 жылы әскерге шақырылатын сарбаздарға қолданылады.
ҚР ТЖМ азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызмет өткергісі келетіндерге 2022 жылғы 8-12 қараша аралығында Астана, Алматы, Алматы қалалары, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Түркістан және Солтүстік Қазақстан облыстарының Қорғаныс істері жөніндегі департаменттері мен Төтенше жағдайлар департаменттеріне келулеріңізді сұраймыз.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!