KAZINFORM – Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауапта қосылған құн салығын әкімшілендірудің пилоттық жобасы қолға алынғанын мәлім етті.

Бүгінгі таңда ҚҚС-ты автоматты түрде есептеу және ҚҚС-тың баланстық сомасын есепке алу бойынша пилоттық жобаны әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Жоба салық төлеушіні салық кезеңіндегі ҚҚС бойынша болжамды салықтық міндеттемелері туралы алдын ала хабардар ету мақсатында әзірленді және «e-Тамга» арнайы ақпараттық сервисін пайдалана отырып, ҚҚС-ны автоматты түрде есептеу және ҚҚС-ның баланстық сомасын есепке алу бойынша пилоттық жобаны жүргізу тәртібін айқындайды, – деп жазылған жауапта.

Мұндағы «e-Тамга» ақпарат сервисінің 2025 жылы іске қосылатыны былтырдан бері айтылып жүр. Электронды шот фактуралардың ақпарат жүйесіндегі мәліметтер, тауардың декларациясы, бюджетке төленген жанама салықтар мен алымдар туралы деректер осы «e-Тамга» сервисіне Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпарат жүйелері арқылы автоматты түрде түсіп отырады. 

Сервис өзіне түскен мәліметтер негізінде мемлекетке төленуге тиіс ҚҚС теңгерімін автоматты түрде есептеп отырады. Жаңа мәліметтер түскен сайын ҚҚС теңгерімінің мөлшері де толықтырылып отырады. 

Ол есептерді «e-Тамга» операторы әр аптаның басында ҚҚС төлеушінің ұялы телефон нөміріне жаңартып жолдап отырады. ҚҚС төлеушілер «e-Тамга» операторымен қолдану келісімшартына отыруы керек. «e-Тамга» деп аты айтып тұрғандай, бұл сервисті қосылған құн салығынан түскен ақшаны цифрландыратын құрал деп түсінуге болады. Осы арқылы мемлекет қосылған құн салығының әрбір қозғалысын цифрлы ізі арқылы бақылап отырмақ. 

Сондай-ақ, Олжас Бектенов ҚҚС мөлшерлемесін 16% етіп, ондай салық алынатын айналымның мөлшерін 15 млн теңге етуден түсетін қосымша кіріс қандай мақсаттарға жұмсалатынын жазған.

Жұмыс барысында ҚҚС мөлшерлемесін арттырудың әртүрлі нұсқалары қаралғанын атап өткен жөн. Талқылау қорытындысы бойынша 16% базалық мөлшерлеме ұсынылады. Оны арттыру және саралау бюджеттің тұрақсыз мұнай кірістеріне тәуелділігін азайтуға, Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге және 4 басым мемлекеттік жобалардың қаржыландырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дейді Премьер-министр.  https://kaz.inform.kz/news/ukmet-kosilgan-kun-saligin-toleushlerge-apta-sayin-avtomatti-habarlama-zhberp-otirmak-d3e72a/

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!