Іnbusiness.kz. Бұл туралы Мемлекеттік зейнетақы қорының ресми есебінде айтылған.

Осылайша, БЖЗҚ бірден 5 банктегі жинақтарын алып қойды. Қордың депозиті енді тек жалғызында – еліміздің бас банкінде қалды.

Яғни, қазынасын бос қалдырмау үшін Ұлттық банк тек өз қоржынындағы қаржыны ғана қотарып алмады. Айта кету керек, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын Ұлттық банктің өзі басқарады.

Digitalbusiness дерегінше, Қазақстанның Ұлттық банкі БЖЗҚ-ның бірқатар қазақстандық коммерциялық банктердегі депозиттерін жабуды аяқтады.

Бұл қадам сарапшылар ортасында сұрақтар туындатты. Өйткені бұл құралдар БЖЗҚ-ға қомақты табыс әкелген. Онда Ұлттық банк неге шығынды емес құралдардан жаппай арылып жатыр? Бұған ҚРҰБ әзірге жауап берген жоқ.

Мысалы, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов 2024 жылғы ақпанда БЖЗҚ-ның халықтың зейнетақы жинақтарының қаражаты есебінен, 25 миллиард теңгеге AirAstana авиакомпаниясының 6,5% акциясын сатып алғанына назар аудартты.  

Бұл ретте былтырғы 8 ақпандағы ІРО-да әуе тасымалдаушысының әрбір акциясын қор 1 074 теңгеден сатып алған.

Қазіргі кезде «Эйр Астананың» 1 акциясының құны 735 теңгеге дейін құлдырады. Соның кесірінен болашақ зейнеткерлердің оған салынған жинағы минус 31,55%-ға азайды. БЖЗҚ әрбір қазақстандықтың салымының үштен бір бөлігіне жуығын жоғалтып алды.

Нәтижесінде, 2025 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ның тек бір банкте – Ұлттық банкте депозиті қалды. Онда ғаламат көлемдегі ақша – 696,4 миллиард теңге сақтаулы жатыр. Оған қызмет ету үшін ел қазынасынан 15,25% ставкамен сыйақы аударылады.

Ресми дерек бойынша қазіргі кезде БЖЗҚ-да 12 307 472 салымшылардың жеке зейнетақы шоттары (ЖЗШ) бар.

2024 жылы қор оларға 3 трлн 334 млрд 779,7 млн теңге таза инвестициялық кіріс қосқан. Бір қарағанда салмақты көрінеді. Алайда 12,3 миллиондық әрбір салымшыға шаққандағы таза табыс 270 955 теңгеден ғана келеді.

Сонымен бірге, 2025 жылдың қаңтарында зейнетақы активтерінің табыстылығы -1,25 көрсеткішіне құлдыраған.

Келесі жылдан бастап бас тартылғалы тұрған «жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналары» бойынша табыстылық теріс мәнде (-3.67) болған.

Informburo жазуынша, биылғы жылдың бірінші айында Ұлттық банк басқаратын БЖЗҚ қызметі қалпымен шығынды болды.

«Салдарынан қазақстандықтардың шоттарындағы зейнетақы жинағы азайып кетті. Биылғы бірінші ай ішінде зейнетақы активтерінің табыстылығы теріс мәнде қалыптасты. 2025 жылғы қаңтарда БЖЗҚ-дағы зейнетақы активтерінің табыстылық деңгейі -1,25 болды. Мұны қор салымшысының ЖҚШ-сынан көшірме куәландырады. Бұл жерде қаңтардағы инфляция көрсеткіші 1,1 болды», – деп жазды портал.

Басқаша айтқанда, қазақстандықтардың мемлекеттік қордағы жинақтары көбеймек түгіл, оны инфляция жеп қоюда.

Өз кезегінде БЖЗҚ «зейнетақы жинақтарының ұзақ мерзімді инвестиция екенін, сол себепті бір жыл және одан көп кезең ішіндегі инвесткіріс мөлшерін талдау қажеттігін» қайталаудан жалығар емес.  

Дегенмен, өткен жылы зейнетақы активтерін басқаратын жеке компания табыстылық көрсеткіші жөнінен БЖЗҚ-дан асып түсе алды.

Қазақстан Үкіметі БЖЗҚ-ны да, Ұлттық қорды да кезінде Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры (Government Pension Fund Global) үлгісінде құрған болатын. Ал, норвегиялық GPFG 2024 жыл қорытындысында 2,511 триллион крон (221,8 млрд доллар) табыс тапқанын жариялады.

Норвегияның зейнетақы қорының былтырғы жетістігі алдыңғы жылғы рекордынан да асып кетті. 2023 жылғы табыстылығы 2,22 трлн крон болған еді.

Қазіргі кезде қазақстандық БЖЗҚ-дағы бүкіл жинақтың көлемі 22 трлн 538 млрд 905,6 млн теңгені құрайды. Бұл қазіргі бағаммен шамамен 43,5 миллиард доллар ғана.

Норвегияның мемлекеттік зейнетақы қоры қазақстандық БЖЗҚ-дағы бүкіл жинақты қоса алғандағыдан 5 есе көп қаражатты бір ғана жылда табады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!