Бүгін Қазақстанда Ұлттық басылым күні аталып өтуде. Осы датаға орай Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Т. Жүргенов атындағы шығармашылық үйіне танымдық экскурсиямен барды.
Жас зияткерлер облыстық «Сыр бойы», «Кызылординские вести», «Ақмешіт жастары», қалалық «Ақмешіт апталығы», жеті аудандық газеттерін және«Kyzylorda-News.kz» ақпарат агенттігін біріктіретін «Сыр медиа» медиахолдингінің қызметімен танысты.
«Кызылординские вести» аймақтық басылымның бөлім редакторы Мира Жакибаева мекеменің құрылымы, журналист мамандығының ерекшеліктері және өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Журналистер мұражайында оқушылар алғашқы газеттердің нөмірлерін, архивтік құжаттарды, алғашқы баспа құрылғысын және өңірдегі баспа ісінің қалыптасу тарихын айқындайтын бірегей экспонаттармен танысуға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар заманауи баспахананың жұмысын көріп, газеттің материал дайындалуынан бастап оқырман қолына жеткенге дейінгі толық өндірістік үдерісімен танысты. Мұндағы баспа машинасы сағатына 35 мың данаға дейін газет шығаруға мүмкіндік береді. Бұл жерде облыстық басылымдарымен қатар республикалық газеттер мен журналдар да басылып шығады.

Экскурсия аясында «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Ботагөз Ажарбаевамен және «Сыр медиа» мекемесінің бас директоры Марат Аралбаевпен кездесіп, облыстық баспа ісінің тарихы, дамуы мен цифрландыру жағдайындағы журналист мамандығының талаптары мен болашағы туралы ақпарат алды.
Аталған шара оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, медиасала жұмысының қыр-сырын тереңірек түсінуге және болашақ мамандықты таңдауда кәсіби бағыт-бағдар алды.








Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!