Фото: Ғалимжан Қараманули\Kazinform
KAZINFORM — Ұлыбритания Қорғаныс министрлігі 2026 жылы мектеп түлектеріне бағытталған пилоттық 12 айлық әскери дайындық бағдарламасын іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды BBC.
Бастама армиядағы ұзақ мерзімді мансапсыз негізгі қызмет тәжірибесін алуға бағытталған.
Бағдарламаға 25 жасқа дейінгі қыз, жігіттер қатыса алады. Өтініш 2026 жылдың көктемінде қабылданады. Бастапқыда шамамен 150 адам жұмысқа қабылданып, кейін жылына 1000-ға дейін артуы мүмкін. Қатысушыларға жалақы төленеді, оның мөлшері кейінірек жарияланады.
Бағдарлама негізінен мектепті бітіргеннен бастап университетке түсу арасында бір жыл үзіліс жасайтын жастарға арналған. Бұл формат Ұлыбритания Қарулы Күштеріндегі жұмысқа қабылдау және ұстап қалу мәселелерін ішінар шешуге септігін тигізуі мүмкін.
Бастаманы әзірлеу кезінде британдық тарап Аустралия Қорғаныс күштерінде он жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан ұқсас бағдарлама тәжірибесіне сүйенгенін атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!