31 наурыз күні Қазақстанды жаяу аралауға шыққан ұлытаулық қария Сәрсенбей Қотырашов 4,5 мың шақырымды артқа тастап, Петропавлға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ұлытаудың 72 жастағы тұрғыны Сәрсенбай Қотырашовты Петропавл маңындағы Пестрое көлінің жанында қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері және журналистер қарсы алды. Үш ай бойы жолда келе жатқан ақсақал осы күнге дейін 12 облысты, 15 қаланы аралап өткен. Жолда алты аяқ киім ауыстырған. Петропавлға алғаш рет келіп тұр. «Ауасы таза, жасыл қала екен. Жолдары жаман емес. Қиындықсыз жеңіс болмайды. Сапарға шығу туралы ой алты жыл бұрын пайда болды. Ол жайлы көп армандадым. Бірақ мені туған-туысым, отбасым, достарым жібермеді. Кейін мақсатымды айтқаннан кейін салтанатты түрде жолға шығарып салды.


Ал мақсатым – қазақ тарихында Ұлытаудың алатын орнын насихаттау, екінші мақсатым – қолөнер шеберлерінің тізімін түгендеу, үшінші мақсатым – ұмытылып қалған ұлттық мейрам – «Көкмайса» қымыз мерекесін қалпына келтіріп, жаңғыртып, күнтізбеге белгілетсем деймін. Өзіммен бірге ұлттық тағамдарды – бауырсақ, құрт алып жүріп, жолда жеймін. Ішетін сусыным – қымыз. Жолға шыққанда зейнетақым жетпейді ғой деп ойлағанмын. Дархан халқымның арқасында келе жатырмын. Жүрген жерімнің барлығында тамағым тегін, төсек-орын тегін, сондай-ақ арасында аяқ киім сатып алуға, дөңгелек сатып алуға көмектесіп қояды. Қазақ даласы кең, халқы дарқан, әлемде біздің халық сияқты қонақжай халық жоқ, оған көзім жетті. Шешен-ингуш, неміс, кәріс ақсақалдарының айтқанына осы сапарымда көзім жетті», – дейді саяхатшы ата.

Ұлытаудан жаяу шыққан 72 жастағы қария 4,5 мың шақырым жүріп Петропавлға жетті


60 келілік арбасын сүйреткен Сәрсенбай ата жолда бірқатар қиындыққа да кезіккен. «Бұған дейін 4,5 мың шақырымды жүріп өттім, алда 5 облыс – 3,5 мың шақырым тұр. Ыстықтың да, жаңбырдың да маған кедергісі жоқ. Жаңбыр – халықтың несібесі, жаңбыр-жаңбыр жау деп жүре берем. Кей жолдар жөнделіп жатыр, сол жерлерден өткенде көп қиындық көрдім. Көш жүре түзеледі ғой, жаман жолдар баршылық. Тағы бір байқағаным, жолдың бойында қоқыс тастайтын жәшік, ешбір дені дұрыс әжетхана жоқ. Салдарынан жұрт жеген, ішкенінен қалғанын лақтырып кете береді. Жол бойы қоқыс. Бұл мәселе шешіледі, болашақта бәрі жақсы болады деп ойлаймын», – дейді Сәрсенбай Қотырашов. Саяхатшының айтуынша, жолда келе жатқанда оны адамдар танып жатады. Күніне 200-300 көлік тоқтап, хал-жайын сұрайды. Сигнал беріп, қол бұлғап өтеді. Кейбірі суретке түседі, сұрақтарын қояды.


Күніне ең кемінде 40 шақырым жаяу жүретін ақсақал Петропавлда музейлерді аралап, жергілікті қолөнершілермен кездеспек. Кейін саяхатын жалғастырады. Қостанайға бет алып, Ақтөбе, Орал, Атырауды басып өтпек. Ал Ақтау – сапарының соңғы нүктесі. Сол жерден елордаға пойызбен аттанып, Президентпен кездеспек.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!