ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде өнер саласындағы Umai ұлттық сыйлығының шарттарын таныстырылды.

Министр орынбасарының айтуынша, аталған сыйлық елімізде тұңғыш рет тағайындалып отыр.

«Отандық мәдениет және өнер қайраткерлерінің шығармашылық жетістіктерін таныту, дамыту және насихаттау мақсатымен Қазақстан Республикасының өнер саласындағы Umai ұлттық сыйлығы тағайындалды.

Бұл сыйлық Қазақстанның шығармашылық ұжымдары мен жекелеген өнер қайраткерлеріне елеулі шығармашылық табыстары мен кәсіби жетістіктері үшін«Театр өнері», «Музыкалық орындаушылық өнер», «Хореографиялық өнер», «Театрдағы бейнелеу өнері» сияқты 4 номинация бойынша 19 премия табыс етіледі», – деген ведомство өкілі сыйлықтың жүлде қорын да атады.

«Сыйлықтың жалпы жүлде қоры 54 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 2022 жыл Балалар жылы болғандықтан, сыйлық аясында «Үздік балалар спектаклі» деген арнайы жүлде тағайындалып отыр.

Сыйлық 2022 жылы Қазақстанның шығармашылық ұжымдарына және жекелеген Қазақстанның өнер қайраткерлеріне 2020 жылғы қыркүйектен бастап 2022 жылғы шілде аралығына дейінгі екі театрлық, концерттік, шығармашылық маусымдағы спектакльдер, концерттер, шығармашылық жобалар, өнер туындылары үшін табысталады», – деді Нұрғиса Дәуешов.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!