Ұлттық қауіпсіздік комитеті криптоалаңды анықтау және бейтараптандыру бойынша алғашқы арнайы операция жүргізді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҰҚК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткімен айналысатын топтардың қылмыстық жолмен келген қаржыларын «тазарту» мақсатында қолданатын криптоалаңды анықтау және бейтараптандыру бойынша алғашқы арнайы операциясын жүргізген.
«Операция 2022 жылғы қаңтарда Қазақстан, Өзбекстан мен Ресейдің «есірткі нарығын» психотроптық заттармен қамтамасыз етіп отырған жасырын есірткі лабораториясын жоюдан басталды. Заңсыз айналымнан есірткінің рекорд партиясы – 188 келі «мефедрон» алынды.
Арнайы қызмет қылмыстық капиталды Қазақстаннан тыс шығару мен оны «тазарту» схемаларын анықтау бойынша шараларды қолға алды. Ақша аударымдары қаржылық айналымда қажетті деңгейде айқындалмаған криптовалютада жүргізілгені қиындықтар тудырғанын атап өту қажет», – делінген хабарламада.
ҰҚК қылмыстық тізбектің барлық қатысушысын анықтау арқылы, «биткойндарды» қолма-қол ақша қылатын криптоақша айырбастау орнын тапқан.
«Бұл ұйым Алматыдағы әртүрлі ақша айырбастау орындарының қызметкерлері арқылы ақшаны қолма қол беріп отырғаны белгілі болды. Нәтижесінде қылмыстық схеманы ұйымдастырушы мен оның жақтастары ұсталды. Мемлекет кірісіне қылмыстық топтардың іс-әрекетінен тапқан криптовалютадағы 68 миллион теңге қаржысы өткізілді», – делінген ҰҚК хабарламасында.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!