Сурет: ТЖМ
Ақтауға жақын жерде құлаған ұшақта болған жолаушысы Нуруллах Сираджов әуе апаты туралы айтып берді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Oxu.Az-қа сілтеме жасап.
Ол – апат кезінде аман қалғандардың бірі.
«Мен әйеліммен бірге Грозныйда тұратын ұлыма бара жатқан едім. Ұшақ алғаш рет соққыға ұшырағанда, аяқ астымда оттың жалындағанын сездім де, жарақат алдым деп ойладым. Әйелімді сабырға шақыруға тырыстым. Бірақ өзімде үрей басым болды. Белдікті шешіп, аяқ астына қарағанымда ұшақтың едені бүтін еді. Мен қайтадан орныма отырдым. Сол кезде ұшақтың артқы бөлігіне әлдеқайда қатты соққы тиді. Стюардессалар жолаушыларды сабырға шақырып, Грозныйға қонамыз деп хабарлады», – дейді Сираджов.
Жолаушының айтуынша осы кезде ұшақ төмендеп келе жатқан.
«Мен біз қонуға жақындағанымызды, әуежай ғимаратын, жолақтарды, ұшақтарды көрдім. Он қабатты ғимараттан төменге қарағандай елестетіңіз. Біз жерге өте жақын болдық. Қонатынымызға сенімді едік», – дейді ол.
Бірақ дәл сол сәтте ұшақ қайтадан жылдамдық алып, көкке көтерілген.
«Стюардесса жұмсақ заттарды жинап, басымызды алдыңғы орындыққа тіреп, көзімізді жабуды ұсынды. Менің қалың күртешем бар еді, оны әйеліме беріп, орыннан қозғалмауын өтіндім, нұсқаулық бойынша әрекет етуді айттым. Қорқу туралы ойлаған да жоқпын, тек әйелімнің амандығы үшін алаңдадым. Сол кезде ұшақтың жерге құлағанын сездім», – деп қосты Сираджов.
2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау әуежайынан үш шақырым жерде Azerbaijan Airlines (AZAL) әзербайжан әуе компаниясының Embraer ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Апаттан 29 адам аман қалды – олардың арасында Әзербайжан, Ресей және Қырғызстан азаматтары бар. Қазақстандықтар арасында тірі қалғандар жоқ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!