SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қырғызстан ресейлік және грузин әншісі Валерий Меладзенің концертін өткізуге тыйым салды. Бұл шешім оның Орталық Азия елдерінде 60 жылдық мерейтойына арналған турының аясында жоспарланған гастрольдеріне тікелей әсер етті.

Ресейлік БАҚ концерт индустриясындағы дереккөздерге сүйеніп хабарлағандай, Меладзе командасы Қазақстан мен Өзбекстан билігіне арнайы кепілдік хаттарын жолдауға мәжбүр болған. Хаттарда әншінің бұл елдердің халқына құрметпен қарайтыны және концерт барысында ешқандай саяси мәлімдеме жасалмайтыны ерекше атап көрсетілген. Осыдан кейін Қазақстан мен Өзбекстан концерт өткізуге келісім берген.

Ал Қырғызстан бұл мәселеде қатаң позиция ұстанды: Меладзенің гастроліне ресми түрде тыйым салынды, әрі ол елге кіруге не концерт ұйымдастыруға шектеу қойылған тұлғалар тізіміне енгізілді.

Сонымен бірге ақпарат көздері Меладзенің Ресейде өнер көрсету мүмкіндігі де күрделі жағдайда екенін айтады. Ұйымдастырушылар ықтимал салдардан қауіптеніп, әріптестіктен бас тартуда. Кейбір концерттер тіпті келісім сатысында-ақ тоқтатылып жатыр.

Еске салайық, 2025 жылдың желтоқсанында Валерий Меладзе Астана мен Алматыда бірнеше концерт берген еді. Қазақстандағы оның өнер көрсетуі әдеттегідей толық зал жинаған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!