Көпшілік көрерменге танымал оқушылар арасындағы «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны телеэкрандарға жаңа форматта қайта оралады.

«Хабар» агенттігі мен Республикалық ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы бірлесіп, мегажобаны қайта жаңғыртуға кірісті. Жоба көктемнен бастап «Хабар» эфирінде көрсетіледі.

Интеллектуалдық тележоба Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, сондай-ақ Қазақстан Парламентінің Мәжілісі тарапынан қолдау тапты.

Аталмыш жоба еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған жастар қозғалысы. Қазірдің өзінде жүздеген дарынды оқушы шақыруды қабылдап, қызықты интеллектуалдық ойынның қатысушыларына айналды. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылдың қазан айында басталып 2025 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады, ол осы жылдың наурызынан бастап маусым айына дейін өтеді.

Жас дарындардың білімдері мен қабілеттерін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазға еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!