Фото: Halyq Uni / Батыр Беспаев

Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Депутат Ұлықбек Тұмашинов заң аясында «Отбасы банкке» жаңа құзырет берілетінін атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Отбасы банкті» толыққанды даму институты етіп, азаматтарды есепке қою мен тұрғын үйлерді бөлуді орталықтандыруға бағытталған нормалар көзделген. «Тұрғын үймен қамту орталығы» жаңа электрондық мәліметтер базасын құру қөзделеді, – деді депутат.

Жергілікті атқарушы органдардан тұрғын үйді тіркеу, есепке алу және бөлу «Отбасы банк» құзыретіне беріледі. Осылайша, банктің мәліметтер базасында баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың тізімі болады.

Заң жобасында әскери қызметті атқару, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде, сондай-ақ адам өмірін құтқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасын бір жылдан кешіктірмей тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша норма енгізілген, – деді Ұлықбек Тұмашинов.

Заң жобасын екінші оқылымға дайындау барысында оған төмендегі түзетулер енгізілді:

БІРІНШІДЕН, «Отбасы банк» екінші деңгейдегі банктер жүйесінде және депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінде сақталып қалды. Сондай-ақ «Отбасы банк» қызметін лицензиялау да сақталады. Үкіметтің оң қорытындысы бар.

ЕКІНШІДЕН, заң жобасына «сатып алу құқығынсыз» азаматтарға жалға берілген тұрғын үйлерді – енді «жекешелендіру құқығын беру» туралы ұсыныс енгізілді. Осы ұсыныс қолдау тапты.

Бүгінгі таңда сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғын үйлер – халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана.

Бұл азаматтарға жалға берілетін баспананы жеке меншік ретінде қалдық құнымен алуға мүмкіндік береді.

Жекешелендіру құқығын – барлық өңірдегі 51 мың қазақстандық (әлеуметтік осал топтағы азаматтар) пайдалана алады.

ҮШІНШІДЕН, басындағы жалғыз баспанасы «апатты тұрғын үй» деп танылған үйдің орнына берілген тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беру енгізіліп отыр. Ұсыныс қолдау тапты. Ол 1600-ден аса азаматтың мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

ТӨРТІНШІДЕН, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 13-бабының 8-тармағына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрып жатқан үйлерді 11 санатқа «меншігіне өтеусіз алуға» қолданыстағы құқық сақталды. Депутаттардың түзетуіне Үкіметтің оң қорытындысы бар.

11 санат: соғыс ардагерлері, І және ІІ топтағы мүгедектер, қызмет барысында қаза тапқан әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің отбасы мүшелері, ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтар және тағы басқа.

БЕСІНШІДЕН, асыраушысынан айырылған адамдардың мүддесін қорғау үшін «жесірлер» санаты – жеке дербес санатқа бөлінді. Ол, халықтың әлеуметтік осал топтары тізіміне жаңа санат ретінде қосылды. Жесірлер – асырауында кәмелетке толмаған балалары бар және күндізгі бөлімде оқитын балалары бар. Бірақ олар 23 жасқа толғанға дейін.

Мәжіліс депутаттары заң жобасын екінші оқылымда қабылдады.

Мәжілістің жалпы отырысынан соң депутат халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға жалдамалы пәтерді жекешелендіруге құқық берілетінін жеткізді. Бүгінде елімізде 51 мың адам жалдамалы пәтерде тұрып жатыр.

Тұрғын үйді жекешелендіру мүмкіндігі 2017 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы негізінде басталды. Сондықтан бүгінгі заң аясында сол пәтерде тұрып жатқан адамдарға пәтер жекешелендіруге беріледі. Бұрын ондай құқық болмаған. Халықта да сұрақ көп болды: «Бізді шығарып жібермей ме?» деп алаңдады. Заң аясында ондай жағдай болмайды. Егер ол адамдар пәтерді жекешелендіре алмайтын жағдай болса да, тұрғын сол пәтерлерде тұра береді, – деді Ұлықбек Тұмашинов.

Депутаттың айтуынша, заң күшіне енсе, жалдамалы пәтерлерді «Отбасы банк» арқылы жекешелендіруге болады.

«Үйді жекешелендіру үшін қазақстандық сол пәтерде 5 жыл тұруы керек. Содан кейін жекешелендіре алады. Әрине, қалдық құнымен бірге. Қалдық құны дегенді түсіндірейін. Мысалы, 2017 жылы үй 8 млн теңге тұрса, нарықта 16-17 млн теңге болуы мүмкін. Ал сіз сол пәтерде бастапқы бағасымен аласыз. Пәтердің тағы амортизациясы болады. Ол жыл сайын азайып отырады. Осылайша, 8 млн теңге тұратын пәтердің құнын 7 млн теңге болады. Бұл да көмек. Ал нарықта бұл пәтерлер 16-17 млн теңге тұрады», – деді депутат.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!