Sputnik. Үш күн ішінде республикалық жолдарда 900-ден астам заң бұзушылық анықталды, деп хабарлады бас прокуратура.

Көлік прокуратурасы органдарының, полицияның, көлік бақылау инспекциясының және «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның бірлескен күшімен, осы жылдың 8-10 қаңтары аралығында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану фактілерінің жолын кесуге бағытталған жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.

Іс-шара барысында елдің республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жалған, қолдан жасалған немесе оқылмайтын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері бар көлік құралдарын басқарудың 900-ден астам фактісі анықталды.

«Анықталған барлық факті бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданып, оның ішінде айыппұл салу, сондай-ақ сот шешімдеріне сәйкес өзге де жауаптылық шаралары қолданылды», – деп жазылған хабарламада.

Талдау көрсеткендей, жүргізушілер жалған нөмірлік белгілерді көбінесе ақылы автомобиль жолдарымен жүріп өткені үшін төлем жасаудан жалтару, белгіленген жылдамдық шектеулерін асыру, сондай-ақ салмақ-габариттік бақылаудан өту кезінде жүк көліктерінің нақты салмағын жасыру мақсатында пайдаланады.

Сонымен қатар былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ел аумағында жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін пайдалану бойынша 40 мыңнан астам факт анықталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!