Sputnik. Жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырғандар 40 миллион теңгеге жуық айыппұл төледі, деп хабарлады туризм және спорт министрлігі.

Ведомствоның ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен онлайн-платформаларда заңсыз лотерея қызметін анықтау мақсатында тұрақты түрде мониторинг жүргізіген.

«Мониторинг нәтижесінде және жеке тұлғалардан комитетке келіп түскен өтініштер негізінде биыл 89 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жазылған хабарламада.

Заңсыз ұтыс ойындарын ұйымдастырған тұлғаларға ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн форматтарда түсіндіру кездесулері өткізілді. Әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған.

Хаттамамен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді, ал келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, сот тәртібімен қаралады.

Еске сала кетсек, лотерея операторы емес тұлға лотерея өткізетін болса, жеке тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне (жеке кәсіпкерлерге) 300 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

Бір жыл ішінде осындай құқық бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері жеке тұлғаларға – 200 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 750 АЕК болып белгіленеді. Сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтан түскен табыс тәркіленеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!