Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Кореяның Әділет министрлігі ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасының мерзімін ұзарту жөнінде келісімге келді, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жаңа өзгеріс

Министрлік мәліметінше, Корея Республикасының Әділет министрлігімен заңсыз көші-қонды азайту және азаматтарымыздың құқығын қорғау мәселелері бойынша жүргізілген келіссөздер барысында Кореяда заңсыз жұмыс істеген Қазақстан азаматтарына айыппұлсыз және қайта кіруге тыйым салмай, елден ерікті түрде шығуға мүмкіндік беретін ерікті қоныс аудару бағдарламасының мерзімін ұзартуға уағдаласқан.

«Отандастарымыз бұл мүмкіндікті 2025 жылғы желтоқсаннан 2026 жылғы ақпанға дейін пайдалана алады. Бағдарлама қылмыс жасаған, мәжбүрлеп шығару қажет, сондай-ақ, 2025 жылғы 1 желтоқсаннан кейін заңсыз мәртебеге ие болған шетелдіктерге қолданылмайды», – деп жазылған хабарламада.

Бұл үшін не қажет?

Бағдарламаға қатысу үшін төлқұжат, ерікті қоныс аудару туралы өтініш және әуе билеті қажет. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі азаматтарды шетелде тек заңды түрде жұмысқа орналасуға шақырды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!