Фото: Видеодан алынған кадр
Атырау облысында Жайық өзенінің жағасын бекіту жұмысы әлі жалғасып жатыр. Бұл туралы KAZINFORM ақпараттық агенттігі хабарлады.
Облыстық жедел штабтың мәліметінше, өткен тәулікте Атырау қаласында жағалауды бекіту жұмыстарына мекемелерден 3875 қызметкер, 1751 әскери қызметші мен 3741 ерікті жұмылды. Бөгет салуға арнайы 1028 техника тартылған.
Солардың қатарында «Бірлік» ЖШС-нің қызметкері Сәттібай Дәулетияров та бар. Оның қызметі – ауыр жүк кранының операторы. Өзен жағалауында күніне 12 сағат жұмыс істейді.
«Құрылыс жұмыстарына кран өте қажет. Қазір Алмалы ауылындағы өзен жағалауына бетон плита төселіп жатыр. Бұл кранның бір мезетте 30 тонна жүк көтереді. Менің міндетім – көлікпен жеткізілген плиталарды түсіріп алып, жағалауға төсеу», -дейді Сәттібай Дәулетияров.
Ол Атырау қаласындағы Геолог елді мекенінде тұрады. Оның балалары мен күйеу балалары Геолог ауылындағы жаға бекіту жұмысына қатысып жүр. Ал, өзі Алмалы ауылына жету үшін таңертең сағат 07:00-де үйінен шығады.
«Жұмысымды таңертеңгі сағат 08:00-де бастаймын. Содан кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс істеймін. Мақсатымыз – елді мекендерді тасқын судан қорғау. Ортақ мақсатымызға жететінімізге сенемін», -дейді Сәттібай Дәулетияров.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!