12 тамыз – Халықаралық жастар күні. Бұл күн – арман мен жігер тоғысқан, болашаққа қадам басқан жас буынның мерейлі сәті. Осы мерекеге орай Қызылорда қаласының қақтөрінде, «Достық үйі» алдындағы кең алаңда «ЖАСТАРМЕН БІРГЕ!» атты ашық аспан астындағы гала-концерт өтті. Кешке қала жастары ғана емес ,алыс-жақыннан келген қонақтар да жиналып, өңір жастарының өнерін тамашалады.

Аспандағы жұлдыздай жарқыраған жастардың жүзінде қуаныш пен шабыттың ізі керемет кеште анық байқалды десек артық айтқандық емес.

– Жастар – қашанда асқақ арман менүміттің,өр рух пен намыстың символы.Елдің ең бастықазынасы – халқы болса, соның алдыңғы сапында тұрған, ертеңін қалыптастыратын – сіздер. Сіздердің ойларыңыз бен істеріңіз елдің болашағына әсер етеді, – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет.

Кештің мәдени бағдарламасы – нағыз жастық пен креативтің тоғысы болды. Жергілікті өнерпаздар Жарасхан Төлебай, DJ Jako, Axallek, Есқара сахнаға көтеріліп, жұртшылықты әуен мен ырғақтың әлеміне жетеледі. Ән мен би,эмоция мен шабыт бір арнада тоғысып, әр тыңдарманның жүрегіне қуаныш сыйлады. Шараны жүргізген Әліби Басаров пен Нұрлан Сипанов интерактивті ойындар, жылы әзілдер арқылы көрерменмен байланыс орнатып, кештің шырайын кіргізді.

Жалындаған жастар кеші өтті

Жастар күніне орай ұйымдастырылған концерттің басты хедлайнері – «6ELLUCCI» тобы болды. Олардың отты әуендері мен сахналық энергетикасы жиналған қауымның рухын көтеріп, алаңды нағыз мерекелік аренаға айналдырды.

Бұл мерекенің ең маңызды ерекшелігі – сахнада өнер көрсеткен тұлғалардың барлығы Сыр өңірінің жас таланттары. Олар бүгінде тек туған өңірінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде танылып үлгерген мақтаныштарымыз. Осындай кештер өнерге қадам басқан жасөспірімдерге шабыт беріп, олардыңда арманын биікке жетелейді. Жастар – елдің ең басты үміті, ертеңгі күннің айнасы. Олардың бойындағы шексізэнергия, жаңашыл ой, батыл қадамдар – қоғамның дамуымен өркендеуінің кепілі. Әрбір жас – болашаққа ашылған жаңа мүмкіндіктің, тың идея мен асқақ арманның иесі. Сондықтан жастардың рухын көтеріп, білім мен өнер жолында демеп, олардың талантын жарқырата білу – әрбіріміздің ортақ міндетіміз. Жастықтың жалын оты сөнбесін,арманның асқар тауы аласармасын! Мереке құтты болсын!

«АЖ» ақпарат

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!