Қостанай облысы Аманқарағай ауылындағы мұнай базасына жалынның таралуына өрт сөндіру пойыздарының күшімен жол берілген жоқ. Бұл туралы төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жедел брифингіде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚТЖ бөлімшесі бізге үлкен көмек көрсетті. Аманқарағай ауылындағы мұнай базасында жарылыс қаупі болды. Өрт сөндіру пойыздарының күшімен өрттің мұнай базасына таралуына жол берілген жоқ, бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін еді. Жұмыс жалғасып жатыр», – деді Ю. Ильин.

Өрт орнында Есіл, Құсмұрын, Тобыл, Атбасар және Қостанай станцияларының бес өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. 250 теміржолшы тартылды. Жаңа Есіл станциясының өрт сөндіру пойызы дайындықта тұр. Пойыз құрамында цистерналар мен вагон-сорғы станциясы бар. Өрт сөндіру пойызының жалпы сыйымдылығы – 100 тонна су, өрт сөндіру жеңдерінің ұзындығы бір шақырымнан асады.

Есіл өрт сөндіру пойызының бастығы Мұрат Хасенов Аманқарағай станциясындағы өрт жағдайы туралы айтып берді. Өрт сөндіру пойызының қызметкерлері мұнай базасының резервуарларына жақын келген өртті сөндірген.

«Жұмыс қиын жағдайда жүріп жатыр: түтін, түк көрінбейді. Үйлесімді іс-қимылдар нәтижесінде өртті тоқтатып, стратегиялық нысандарға жібермедік. Жағдай бақылауда», – деді М. Хасенов.

Құсмұрын станциясының өрт сөндіру пойызы тартымдық қосалқы станцияны өрттен қорғауға кірісті.

«Өрт орман жағынан келді. Біз оны тоқтата алдық, содан кейін жұмысты жалғастырдық: ТЖМ өрт сөндіру машиналарын сумен толтырамыз, бұл су көздерін іздеуге және оны автокөлікпен жеткізуге уақытты айтарлықтай үнемдеді», – дейді өрт сөндіру пойызының бастығы Берік Асанов.

Өрт сөндіру пойыздарына 52 машина (300 тонна) су құйылды. Теміржолшылар аралықтарда инфрақұрылым нысандарына жалынның таралуын болдырмай, бөлінген жолақта өртті сөндірді, соның арқасында 4 қыркүйек күні таңертең жүк және жолаушылар пойыздарының қозғалысы басталды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!