Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин елдегі бензин мен дизель отынының не себепті қымбаттағанына түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, жанармай бағасы бірден емес, кезең-кезеңмен өсіп отырған.

Біз бензин мен дизельдің бағасын күрт көтерген жоқпыз. Баға ай сайын шамамен 2 теңгеге өсті. Мұны бағаның «секіріп» кетпеуі үшін жасадық, – деді Жұманғарин Мәжілісте өткен брифингте.

Ол соңғы айларда нарықтағы ахуалды бағалау мақсатында уақытша «бағаны кідірту» енгізілгенін айтты. Дегенмен мұнай өнімдерінің айтарлықтай қымбаттауының негізгі себебі – сыртқы факторлар.

Қазір Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты көрші елдерде мұнай өнімдерінің бағасы тез өсіп жатыр. Біздегі баға төмен болғандықтан, отынды сыртқа заңсыз әкету қаупі бар. Мұндай жағдай әртүрлі сылтаулар мен тетіктер арқылы жүзеге асуы мүмкін. Ал оны әкімшілік жолмен шектеу оңай емес, – деп түсіндірді министр.

Сондай-ақ министр Қазақстан өз мұнайын өндіріп отырған мемлекет болғанымен, сыртқы әсерден толық оқшаулана алмайтынын алға тартты.

Біз арал мемлекет емеспіз. Иә, мұнай өндіреміз, ішкі нарықты қамтамасыз етуге қауқарымыз бар. Бірақ Еуразиялық экономикалық одақ аясында кедендік шекара болмағандықтан, жанармайдың көрші елдерге кетуін тоқтату қиын. Сондықтан біз жағдайды мұқият бақылап, тәуекелдерді бағалап отырмыз, – деді ол.

Министр сонымен қатар Үкіметтің ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға және сыртқы міндеттемелер мен баға тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жалғастыратынын айтты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!