Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарына байланысты Қазақстанда бір апта ішінде бензин, дизель және авиациялық керосин бағасы қымбаттады. Бұл туралы Argus баға агенттігі жариялады, деп хабарлайды “Адырна”.

«Атырау мұнай өңдеу зауытының (МӨЗ) жөндеуге тоқтатылуы, ресейлік өнімнің қымбаттауы мен шектеулі ұсынысы салдарынан өткен аптада қазақстандық МӨЗ өндірген авиакеросин бағасы өсті. Сонымен қатар, қазақстандық МӨЗ өндірген бензин мен дизель отынының бағасы да бір апта ішінде өсті. Бұл өсімге қазан айына арналған мұнай өнімдерінің ірі жеткізушілер ұсынған бағасының қымбаттауы мен Атырау зауытындағы жөндеу жұмыстары ықпал етті», – делінген Argus шолуының мәтінінде.

Argus агенттігінің мәліметінше, өткен аптада қазақстандық зауыттар өндірген авиакеросиннің бағасы тоннасына 474–495 мың теңге аралығында болды. Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 444–470 мың теңге шамасында еді.

«Қазақстанға жеткізілетін импорттық авиакеросиннің бағасы өткен аптада тоннасына 850–890 АҚШ доллары деңгейінде бағаланса, бір апта бұрын 740–780 доллар болған. Қазан айының басында ресейлік авиатотықтың ұсынысы шектеулі болды», – делінген хабарламада.

Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы профилактикалық жөндеу жұмыстары 1 қазанда басталды. Мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысы – “ЭЛОУ-АТ-2” 1–25 қазан аралығында, ал “ЭЛОУ-АВТ-3” 1 қазаннан 5 қарашаға дейін жөндеуден өтеді. Зауытта жөндеу басталғанға дейін 37 мың тонна бензин мен 30 мың тонна дизель отыны қор ретінде жиналған болатын.

Елде көктемгі егіс және күздегі жиын-терін кезінде МӨЗ-дердің жөндеуге тоқтатылуы үйреншікті жайға айналып келеді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!