SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда жаңа Конституция жобасы жарияланып, азаматтық мәселесіне қатысты елеулі өзгерістер ұсынылды. Енді шетел азаматтығының болуы Қазақстан азаматтығын тоқтатуға тікелей негіз болуы мүмкін.
Қазіргі қолданыстағы Конституцияда азаматтығынан айыру тек сот шешімімен және айрықша жағдайларда ғана мүмкін еді. Мұндай жағдайларға терроризм немесе елдің ұлттық мүддесіне ауыр зиян келтіру секілді әрекеттер жатқызылған.
Қолданыстағы Конституцияның 10-бабында өзге мемлекеттің азаматтығына қатысты талап жанама түрде ғана көрсетілген.
Атап айтқанда, құжатта: «Республика азаматы үшін басқа мемлекеттің азаматтығы танылмайды» деп жазылған.
Ал жаңа Конституция жобасының 12-бабында бұл норма тікелей әрі анағұрлым қатаң сипатта ұсынылып отыр.
Онда: «Қазақстан Республикасының азаматы қос немесе көп мәртелі азаматтыққа ие бола алмайды. Өзге мемлекеттің азаматтығының болуы Қазақстан Республикасының азаматтығын тоқтатуға негіз болып табылады» деп көрсетілген.
Сараптамалық тұрғыдан алғанда, ұсынылып отырған түзетулердің негізгі салдары бірнеше бағытта көрініс табады.
Біріншіден, «ие бола алмайды» деген тұжырым бұрын қолданылған «танылмайды» деген сипатқа қарағанда құқықтық тұрғыдан әлдеқайда нақты әрі міндеттеуші сипатқа ие.
Екіншіден, енді екінші азаматтықтың бар болуы Конституция деңгейінде Қазақстан азаматтығын тоқтатуға тікелей негіз ретінде бекітіліп отыр. Азаматтықты тоқтату тәртібі заңмен айқындалады.
Үшіншіден, бұған дейін қос азаматтыққа байланысты мәселелер негізінен салалық заңдар арқылы реттеліп келген. Ал жаңа жоба бұл талапты ең жоғары құқықтық деңгей – Конституция нормасына шығарады.
Құжаттағы екі редакция арасындағы басты айырмашылық та осы тұста айқын көрінеді.
Қолданыстағы Конституцияда басқа мемлекеттің азаматтығы «танылмайтыны» ғана көрсетіліп, оның салдары нақты жазылмаған.
Ал жаңа Конституция жобасында қос немесе көп мәртелі азаматтыққа тікелей тыйым салынып, шетелдік паспорттың болуы Қазақстан азаматтығын тоқтатуға негіз ретінде ашық бекітіледі.
Сонымен бірге баптың алғашқы екі тармағы өзгеріссіз қалды. Қазақстан азаматтығы бұрынғыдай тек заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, сондай-ақ ол барша азаматтар үшін біртұтас әрі тең болып қала береді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
