Мәжіліс депутаттары ветеринарлардың кәсіби мерекесін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бүгін төменгі палатада ветеринария саласын реформалау мәселесі қаралды. Депутат Екатерина Смышляева ветеринар мамандардың кәсіби мерекесін бекіту керектігін айтты.

«Бүгінде кәсіби мерекелер қатарында ветеринар күні жоқ. Осыдан-ақ біздің және мемлекеттің ветеринар дәрігер мамандығына деген қарым-қатынасын байқауға болады. Мысалы, қаржыгер мен есепшілердің бірнеше мейрамы бар. Ал ветеринар дәрігердің күні жоқ. Сонда бұйрыққа жазылатын он бес әріпті аяп отырмыз ба?», – деді Смышляева.

Айтуынша, оған ешқандай шығын шығарудың қажеті жоқ. Демалыс күні де енгізілмейді.

«Осыны жасасақ, ветеринарларға жағымды жаңалық болады. Олар елдің азық-түлік және жануарлар қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр ғой», – деп түйіндеді депутат.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев депутаттың ұсынысын қолдады. Оның айтуынша, алдағы уақытта министрлік бірқатар ведомстволық награданы бекітуді жоспарлап отыр. Оған «Құрметті ветеринар» атағы да енгізіледі.»Кәсіби мерекені де қолдан келсе қолдаймыз. Тиісті ұсыныс енгіземіз», – деп атап өтті Қарашөкеев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!