Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мен 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Мерекелік жиын барысында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Каримова еліміздің Ата Заңы – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамдағы азаматтық татулықтың басты тірегі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа оқу жылының басталуымен профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерді құттықтап, сәттілік тіледі.

«Университетіміз әлемдік білім беру жүйесіндегі орнын жылдан-жылға нығайтып, бірқатар беделді рейтингтерде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Атап айтсақ, QS WUR-2025 нәтижесі бойынша әлемдегі ең үздік университеттердің ТОП-1400+ қатарына, ал QS Asia University Rankings-2025 көрсеткіші бойынша Азиядағы үздік университеттердің ТОП-541-560 тобына ендік. 2024 жылы алғаш рет әлемнің 107 елінен 1744 жоғары оқу орны арасынан QS тұрақты даму рейтингіне ендік. Сонымен қатар, Times Higher Education рейтингіндегі Global University Impact Rankings-2025 индикаторы бойынша БҰҰ Тұрақты даму мақсаттарының бірнеше бағыты аясында университетіміз әлемдік үздік оқу орындарының ТОП-1501+ қатарына орналасты. GreenMetric World University Rankings-2024 халықаралық рейтингінде 1160-орыннан көріндік. Қазақстан Республикасы ЖОО-на деген сұраныстың тәуелсіз рейтингі-2024 (АРТА) қорытындысы бойынша еліміздегі жоғары оқу орындарының Бас рейтингінің ТОП-20 қатарына еніп, 7-орынды иелендік. Сонымен бірге, университеттің 25 білім беру бағдарламасы қазақстандық білім беру қызметтері нарығындағы үздік үштікке кірді. Жақында ғана Британдық QS Stars Rating System халықаралық жүйесінде 4 жұлдыз дәрежесін иелендік. Әрине, мұндай жоғары көрсеткіштер өзінен-өзі келген жоқ. Бұл – ұжым болып атқарған кешенді әрі жүйелі еңбегіміздің нәтижесі, – деді ректор.

Университет биыл өзінің 89-шы оқу жылын бастады. 2025–2026 оқу жылында 4 252 студент қабылданып, өткен жылдармен салыстырғанда рекордтық өсім көрсетті. Қабылданғандардың 33,3%-ы – мемлекеттік грант иегерлері. Салыстыра айтқанда, 2020–2021 оқу жылында 2 525 адам қабылданған болатын. Яғни соңғы бес жылда студенттер саны 68,4%-ға артқан.

Салтанатты шарада оқу орнының дамуына үлес қосып жүрген профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ университет атынан арнайы марапаттар табысталды.

Жиында Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы, техника ғылымдарының докторы, профессор Серікбай Қошқаров, университетіміздің түлегі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, Ұлыбританияның Глазго университетінің Медиа менеджмент мамандығы бойынша магистрі, 24KZ телеарнасының Брюссель қаласындағы меншікті тілшісі Ғалымжан Бәйімбет құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ оқуға қабылданған студенттер атынан мектепті «Алтын белгімен» бітіріп, Ұлттық бірыңғай тестілеуден 135 балл жинаған Мөлдір Нұрланқызы сөз сөйлеп, өз әсерімен бөлісті.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, университет ардагерлері, оқытушы-профессорлар құрамы, университет түлектері мен білім алушылар қатысты. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Сонымен қатар, шараға арнайы Кореядан Сеул ұлттық ғылым және технология университетінің (SeoulTech) делегациясы да келді. Олардың қатарында Халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Чи Хонг Хван, Global IT Convergence кафедрасының профессоры Хи Дже Пак және Халықаралық байланыстар бөлімінің менеджері Мисс Санъёнг Хван болды.

Айта кетейік, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Сеул ұлттық ғылым және технология университеті (SeoulTech) арасындағы ынтымақтастық жылдан жылға нығайып келеді. 2024 жылдың 12 маусымында екіжақты келісімге қол қойылып, қос дипломды «AI архитектор» және «Деректерді басқару» білім беру бағдарламалары бойынша кадрлар даярлау ісі басталды. Биылғы оқу жылында аталмыш бағдарламаға 40 талапкер қабылданды.

Кореялық делегацияның университетке келу мақсаты – осы қос дипломды бағдарлама аясында білім алатын студенттермен кездесу.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!