2025-2026 оқу жылында қазақстандық білім беру ұйымдарына 10 мыңнан астам жас педагог жұмысқа қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асып жатқан кешенді шаралардың нәтижесінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы соңғы бес жылда 2 есе көбейіп, жаңа оқу жылынан бастап 84 мың теңгені құрады. 2004-2005 оқу жылында 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагогикалық мамандыққа оқуға түссе, биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдаған. Бұл – осы жылы оқу бітірген «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы.

Жас педагогтерді қолдау мақсатында педагог-тәлімгерлер мен педагогикалық қызметін жаңа бастайтын жас мамандар үшін арнайы білім беру курстарының бағдарламалары мен әдістемеліктері әзірленген. Одан бөлек, ауылға білікті кадрларды тарту мақсатында «Дипломмен –  ауылға» бағдарламасы тұрақты жүзеге асуда. Мұғалімнің біліктілігін арттыру, қоғамдағы мәртебесін көтеру және сапалы білім беру ортасын қалыптастыру  – мемлекеттік білім беру саясатының басты бағыты ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!