Көршілес мемлекеттердегі геосаяси тұрақсыздық жағдайында қорғанысты арттыру, егемендік пен аумақтық тұтастықты және ұлттық мүддемізді қорғау, әлеуметтік-экономикалық дамуды көздейтін стратегиялық реформаларды іске асыру күн тәртібінен түспейді. Кешегі өткен Президент сайлауы соның алғышарты болатын. Тәуелсіздік алғалы бері елде жеті рет, яғни 1991, 1999, 2005, 2011, 2015, 2019 және 2022 жылдары Президент сайлауы өткен. Жылнамада биылғы 20 қараша осы ерекше оқиғамен есте қалары анық.

Себебі болашағымызды айқындайтын тарихи сәтте әрбір қазақстандық жауапкершілік танытты. Еліміз бойынша 11 950 485 сайлаушының дауыс беруіне жағдай жасалды. Бұл ретте «Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының директоры Мәдина Нұрғалиева халық таңдау жасауға асық екенін жеткізді. Сарапшының айтуынша, биылғы қыркүйек-қазан айларында институт жүргізген алдын ала зерттеу азаматтардың алдағы сайлау туралы хабардар екенін, оған қызығушылық танытып отырғанын көрсеткен. Расында татулықты тұмар еткен ел азаматтары саяси науқанға бей-жай қарамады. Соның ішінде Сыр елі дауыс беру жөнінен республика бойынша екінші орынға тұрақтады.

Аймақта 373 учаскенің есігі ашық болды. Онда 482934 дауыс беруші тіркелген. Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясы ұсынған дерекке сәйкес, тізімдегі облыс тұрғындарының 81,07 пайызы саяси науқанға қатысқан. Бұл – республика бойынша жоғары нәтиже. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та Әли Мүсілімұлы атындағы №101 мектеп-лицейде орналасқан №263 сайлау учаскесінде қала тұрғындарымен бірге  таңдау жасады.

Өзге де сайлау учаскелерінде жұмыс қызу жүрді. Сол жағалауда орналасқан №372 сайлау учаскесінде Президент сайлауына алғаш қатысқан жастар кездесті. Солардың бірі – Нұрай Жұбатқан. Әрбір жастың таңдауы маңызды деп білетін дауыс беруші үшін бұл ерекше күн болды, ол толқып тұрғанын жасырмады. «Шынымды айтсам, сайлауға бірінші рет қатысқандықтан қатты қобалжып тұрмын. Мен үшін бұл жауапты таңдау, өйткені өзімнің сайлау құқығымды алғаш пайдаландым» деген пікірімен бөлісті Нұрай.

Сол күні медицина саласын алға сүйреуге атсалып жүрген қазалылық үшемдер де сайлау учаскесінен табылды. №66 сайлау учаскесінде Дариға, Динара, Әлия Шәкіровалар дауыс берді. «Біз жаңа өзгерістерге ұмтылыс жасаған елдің болашағына сенеміз. Сондықтан бүгінгі таңдау біз үшін айрықша маңызды әрі асқан жауапкершілікке толы» деді үшемдер. Шиелі ауданы, Ақтоған ауылында тұратын Сейтжановтар әулетінің 8 келінінің де  бір мезетте дауыс беруге баруы  ауыл-ауылдағы қауымның белсенділігін байқатты.

Әсіресе жастардың Жаңа Қазақстанның жаңа бағыты, жаңа бағдары, жаңа қадамына атсалысуы жақсы нәтиже. Бұл ретте Қызылорда қаласында 99 сайлау учаскесі болса, сонда бақылаушы болуға көбіне жастардың қызығушылық танытуы қуантарлық. Ескеретін жайт, бақылаушыларға қаржы төленбейді, тек қана саяси тәжірибе мен азаматтық қоғамды дамыту мүмкіндігі беріледі.

– «Жастар үні» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан сайлау барысын бақыладым. Жергілікті тұрғындар белсенділікпен өз таңдауын жасады. Дауыс берушілердің келу қарқыны аса жоғары болды. Сайлау учаскесінде барлығы талаптарға сай өтті, – деді байқаушы Мұхтар Жұмаш.

20 қараша күні ОСК Президент сайлауының қорытындысын жариялады. Ресми мәлімет бойынша 81,3% сайлаушы Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Бұл азаматтарымыздың бекем бірлігінің арқасында қол жеткізілген жарқын және айқын жеңістің бірі болды. 26 қарашада Президент Қазақстан халқына ант береді.

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!