Фото: BILD

KAZINFORM –  Жаңа жыл қарсаңында Германияда пиротехника сатушылар рекордтық сұранысқа дайындалып жатыр. Импорттың басым бөлігі Қытайдан келеді, деп хабарлайды BILD.

Экономикалық қиындыққа қарамастан, Германиядағы пиротехника нарығы нағыз олжалы салаға айналып отыр. Айторф қаласында орналасқан немістің ең ірі пиротехника өндірушісі Weco Жаңа жыл қарсаңында сатылым көлемі артады деп күтіп, сауда желілеріне өткен жылмен салыстырғанда пиротехниканы 10 пайызға көп жеткізіп отыр.

Сұраныстың артқанын Бремерхафендегі Comet компаниясы да растады.Weco Германия аумағында әлі де пиротехника өндіретін жалғыз ірі компания болып қалғанымен, отшашулардың негізгі бөлігі шетелден әкелінеді.

Бұл бағытта рекорд тіркелді: 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айлары аралығында Германияға 42 400 тоннадан астам пиротехникалық бұйым импортталған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 62,6 пайызға көп. Ресми деректерге сәйкес, импорттың 98 пайызы Қытайға тиесілі.

— Өткен жылмен салыстырғанда өнім көбірек жеткізілді, бұл — назар аударарлық жайт, себебі былтырдың өзі өте табысты жыл болған, — деді BILD басылымына берген сұхбатында Пиротехникалық өнеркәсіп одағының атқарушы директоры Клаус Гоцен.

Германияда фейерверктерді сатуға тек 29–31 желтоқсан аралығында ғана рұқсат етіледі. Соған қарамастан, сала қазірдің өзінде әсерлі нәтижелер көрсетіп отыр: 2024–2025 жылдардың тоғысында айналым көлемі рекордтық 197 миллион еуро болған. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!