Жаңаөзендегі жарылыстан 1 адам қаза тауып, 13 адам зардап шекті. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
17 сәуір күні сағат 05:04-те Жаңаөзен қаласында екі кіреберісті, 12 пәтерлі, 2 қабатты тұрғын үйдің 2-ші кіреберісіндегі пәтерінде жарылыс болды. Болжам бойынша газ қоспасы жарылып, 150 ш.м. аумақ зақымданған.
«Сағат 08:30-да үйінді астынан алты адам шығарылды. 08:30-ға дейін 13 адам зардап шекті, оның ішінде 1 мәйіт табылды, 5 адам ауруханаға жатқызылды, 7 адам үйіне шығарылды» делінген баспасөз мәліметінде.
Жарылыс салдарынан 3 пәтер зардап шекті. Тұрғын үй газдан ажыратылған. Аумақ үйіндіден тазартылуда. Оқиғаның себептері мен жағдайлары анықталуда. ТЖД жедел штабы мен сенім телефоны жұмыс істеп тұр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!