Бүгінде тұрғындардың әлеуметтік әл-аухатын көтеру ісі экономикалық нақты шешім қабылдауды талап етуде. Оған қоса саяси қадамдар ауыл-аймақтағы халықтың қордаланған мәселесін, көпшіліктің көкейіндегі күрмеуді шешуге жәрдемдесері анық. Орайы келгенде айта кетсек, Жаңақорған ауданында бірқатар бастама іске асуда. Өңірде жаңадан бой көтерген нысандардың саны артып, кәсіпкерлік қарқын алған. Әсіресе, кенттегі 300 орындық мектептің құрылысы басталғанына тұрғындар дән риза. Аймақ тілшілері де жағымды жаңалықтың куәсі болып, баспасөз туры аясында аудандағы құрылыс жұмысымен танысып қайтты. Басты мақсат – қолға алынған істі оқырманға насихаттау.

Алдымен аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қатысуымен Жаңақорған кенті «Ипподром» мөлтек ауданындағы мектеп құрылысы басталды. Өңір басшысы білім ұясының алғашқы кірпішін қалап, сәттілік тіледі.

– Мектеп құрылысына тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Бас мердігер – «Авангард» ЖШС. Техникалық қадағалаушы, бас жобалаушы бекітілген. Былтыр облыстық бюджеттен мектеп құрылысына қаражат бөлінді. 20 млн теңгеге жер тегістеу, жобалау жұмыстары жүргізілген болатын. Биыл тағы қаражат бөлінді. Соған сәйкес, аудан ардагерлерімен бірге құрылыстың іргетасын қалауды жоспарлаған болатынбыз. Нәтижесінде ойға алған бастама жүзеге асуда. Биыл аудан көлемінде 7 әлеуметтік нысанның құрылысы жүреді. Олар –  3 мектеп, 2 балабақша, 2 ауылдық мәдениет үйі. Барлық құрылыс нысандары биыл пайдалануға берілуі тиіс, – деді аудан әкімі Р.Рүстемұлы.

Жаңақорған: Жаңа мектеп, жаңашыл орталық

Мектеп құрылысының «Ипподром» шағын ауданынан бой көтеруі тегін емес. Бұл аймақтың тұрғыны көп, оқушы саны жетерлік. Балалардың жақын маңда білім алғанын қалаған ата-аналар аталған мәселені жыл сайын кетеруші еді. Енді, міне, ұсыныс-тілек орындалып, білім ошағы жоспарланған уақытынан ерте пайдалануға беріледі деп күтілуде. Бұл үшін құрылысшылар аянбай еңбек етіп жатыр.

– Техникалық қадағалаушы «Асем құрылыспен» келісім-шарт бойынша 2022 жылдың 16-ақпанында жұмысқа кірістік. Смета құны – 949 млн теңге. Негізгі құрылыстың аяқталу мерзімі 1 жылға жоспарланған, келесі жылдың наурыз айына дейін. Алайда мүмкіндігінше мерзімінен бұрын тапсыруды жөн көрдік. Мекемеде 140 қызметкер бар, қосымша жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартудамыз. 3 қабатты мектеп 2 блоктан тұрады. Заманға сай, әлеуеті зор ғимаратқа айналатынына сенім мол, – деді мекеме директорының орынбасары Оразхан Абдуллаев.

Жаңақорған: Жаңа мектеп, жаңашыл орталық

Жыл өткен сайын кент тұрғындар саны, бала көрсеткіші артып келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Осыған орай әлеуметтік қажеттілік те арта түседі. Болашақ үшін ең бірінші білім керек. Сондықтан осындай мектептердің салынуы құптарлық әрі қуанарлық.

  БАҚ өкілдерінің Жаңақорған ауданындағы келесі бағыты – «Абдулла» шаруа қожалығы болды. Аталған шаруашылық жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысын бастаған. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгеден асады. Оның 2,8 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілсе, қалған бөлігі қожалық есебінен жүзеге аспақ. Шаруа қожалығының жергілікті өкілі Ерлан Пірманбетов аталған жобаның жай-жапсарын баяндады.

–  Құс фабрикасы іске қосылғаннан кейін облыс халқы тұтынатын құс етінің үштен бір бөлігін өндіруге қол жетеді. Қазір 6 құс қорасы мен 1 құс сою пунктінің құрылысы жүруде. Оған қоса жұмыс істейтін тиісті техникалар алынды. Жоба жүзеге асқанда мұнда 120 адам еңбекпен қамтылады. Былтыр аталған жоба өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Бүгінде инфрақұрылымдарды жеткізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жақында сараптама қорытындысы шығады, – деді шаруашылық өкілі.

Жаңақорған: Жаңа мектеп, жаңашыл орталық

Көктем – диқан жұмысының қызатын тұсы. Бірі тұқым алып дайындалса, енді бірі қызу жұмысты бастап та кеткен. Біз де Жаңақорғанға сапар барысында егін мен егіншінің жай-күйін білуге тырыстық. Қожакент ауылындағы «Арай» шаруа қожалығының көктемгі дала жұмысына куә болдық. 2017 жылы құрылған шаруашылық алқапта күріш, жоңышқа, бидай өсіруді кәсіпке айналдырған.

– Рас, соңғы жылдағы қиындық жергілікті диқандарға оңайға соғып жатқан жоқ. Дегенмен өзімізге жақын етене кәсібіміз болғандықтан, барлық ауыртпалықты жеңіп келеміз. Биыл да үлкен үмітпен берекелі істі қолға алдық. Қазір тек күріш егу тиімсіз. Сондықтан дақылдарды әртараптандыруға назар аударылуда. Күрішпен қатар бидай, мақсары, жоңышқа егуге көңіл бөлу жоспарда бар, – дейді қожалық бригадирі Жүсіп Бейбітов.

Маңдайдан тер ағып, күректі қолға алып, білек сыбана кірісіп кету –диқандардың жылдағы қарекеті. Қиын істе біз оларға жеңілдік тілеп, келесі бағытқа жол тарттық.

Соңғы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында балаларға арналған көптеген үйірме ашылып жатыр. Бірақ бұл істі бастауға екінің бірі тәуекел ете қоймайды. Себебі балалармен жұмыс істеу ұйымдастырушылық қабілеті зор, тәуекелшіл адамның ғана қолынан келеді. Алдымен жігер, табандылық қажет. Тілшілерді тоғыстырған келесі бағыт – «Тұрғанбай» өнер орталығының мамандарында аталған қарым-қабілет аңғарылады. Жетекшісі Индира Тұрғанбаева өнер мектебінде 7 бағыт бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты. Олар – ұлттық би домбыра үйрену, ән салу және көркемсөз оқу, актерлік өнер, сурет салу, қолөнер (кескіндеме) үйірмелері. Сапар барысында үйірмеге қызығушылық танытқан балалардың өнерін тамашалаудың да мүмкіндігі туды. Талапкерлер ұлттық би билеп, домбырамен ән шырқады. Үйірменің жұмыс істеп жатқанына көп уақыт болмаса да балалардың қызығушылығы жоғары екені сезілді.

– Білікті мамандарды тартуға көңіл бөліп отырмыз. Ұстаздар жеткіншектердің өнерді жете меңгеруіне зер салады. Қазірдің өзінде балалардың қызығушылығы ерекше. Өзге де облыстарда мұндай орталықтар ашылып жатқанынан хабардармыз. Ал аудан бойынша алғашқылардың бірі болып осы істі қолға алғанымызды мақтан етемін, – деді И.Убайдаева.

Жаңақорғанда жағымды жаңалық көп. Оны БАҚ-тан, әлеуметтік желіден көруге болады. Ал мұндай нәтиже тұрғындардың пікірін ескеріп, мәселені шешуде ұтқырлық таныта білетін басшылық жұмысына байналысты.

Мөлдір САБЫРЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!