Жаңақорғанда ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына және Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жасқа толуына арналған «Тағылымы мол тұлға» атты салтанатты жиын өтті.
Биыл – Қазақстанның мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 30 жыл. Осы айшықты датамен Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібекұлының 80 жылдық мерейтойы қатар келді. Наурыз мейрамы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жандарбек Мәлібекұлын I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын. Ал кеше Елтаңба авторын 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, өз лебізін білдірді.
Қос мереке қарсаңында мерейтой иесіне облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың Алғыс хаты табысталды. Оны салтанатты түрде Жандарбек Мәлібекұлына туған жері Жаңақорғанда аудан әкімі Руслан Рүстемов жеткізді.
Жиында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Жолтай Әлмашұлының «Арман шаңырақ» пьесасын жергілікті өнер шеберлері көрермен назарына ұсынылды. Пьеса Елтаңбаның шығу тарихын суреттейді. Оның желісі Жандарбектің бала күнгі арманы арқылы ұлт болмысын баяндап, шаңырақтың қасиетін көрсетуге тырысқан. Арнайы шара Елтаңба авторының жерлестерімен пікірлесуімен жалғасты.
Ал, айтыстың ақтаңгері Әбілқайыр Сыздықов Елтаңба авторына арнау өлеңін арнады.
Қазақы дәстүрге сай кеш қонағының иығына зерлі шапан жабылып, студенттік досы, ел ағасы Алшынбай Тұртанов темір тұлпар мінгізді.
Мерейтой иесі киелі топыраққа тағзым жасап, жерлестеріне Елтаңба туралы тағылымды ойын жеткізді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!