«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң 2 наурыздан бастап өз күшіне енеді. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы 2021 жылы 30 желтоқсанда биылғы жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енетін «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға қол қойды. Қазіргі уақытта бұрын-соңды заңнамамен қамтылмаған құқықтық қатынастарды реттеудің негізгі қағидалары белгіленді. Жаңа заңға сәйкес, азаматтарды адамгершілікке тәрбиелеу идеологиясы жануарларға ауырсынуды сезінетін тіршілік иелері ретінде қарау, жануарлардың өмірі, денсаулығы мен әл-ауқаты үшін иелерінің жеке жауапкершілігі, оларды қатыгездіктен қорғау, халықтың оларға моральдық және адамгершілік көзқарасын тәрбиелеу болып отыр», – деді спикер Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Атап айтқанда, осы заң арқылы жекелеген санаттағы жануарларды мәдени ойын-сауық, эксперименттік, қызметтік мақсаттарда, үйдегі, қараусыз және қаңғыбас жануарларды асырау және ұстау кезіндегі талаптар белгіленген.

«Сондай-ақ, барлық бұқаралық ақпарат құралдарында жануарларға қатыгездікпен қарауды насихаттауға тыйым салынады. Заң ережелерін іске асыру үшін қазіргі уақытта біздің министрлік қоғам талқысынан және құзыретті мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өтетін нормативтік-құқықтық акт жобаларын әзірледі», – деді Ә. Шалабекова.

Министрлік өкілі үй жануарларына асырауды реттеуге бағытталған нормативтік-құқықтық акт жобалары туралы айтып берді. Олар: үй жануарларын ұстау мен серуендетудің типтік ережелері; үй жануарларын есепке алу ережелері; жануарларды тасымалдау ережелері; есепке алынатын үй жануарларының тізбесі; тұрғын үйлерде ұстауға тыйым салынған жануарлардың тізімі; жануар иесінің ерекше жауапкершілігін қажет ететін үй жануарларының тізімі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!