Фото: qandastar.kz
2025 жылда 6 755 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 154,8 мың этникалық қазақ оралды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлім етті.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы, 45,1%-ы — Қытайдан, 41,7% — Өзбекстаннан, 5,4% — Түрікменстаннан, 2,8% — Монғолиядан, 2,4% — Ресейден және 2,6% — басқа елдерден.
Биылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 59,8%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31%-ды және зейнеткерлер 9,2%-ды құрайды.
— Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша
16%-ы жоғары білімді, 27,1%-ы орта кәсіби білімді, 54,6%-ы жалпы орта білімді, және 2,3% білімі жоқ, — делінген хабарламада.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2025 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамды құрайды. 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 092 қандас қоныс аударды.
Жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады — бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге — бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері 494 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілген. Атап айтқанда, 188 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған.
Сонымен қатар ерікті қоныс аударудың тиімділігін арттыру мақсатында азаматтарды солтүстік өңірлерге қоныс аударуға қатысатын жұмыс берушілерді қолдау бойынша институционалдық шаралар қабылданды. Тұрғын үй сатып алу, салу үшін немесе ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй құнының 50%-ы немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін мөлшерінде біржолғы өтеусіз және қайтарымсыз негізде енгізілді.
Дереккөз: Kazinform
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!