Елордада өткен «ENACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO – 2022» республикалық жобалар сайысында университет студенттерінен құрылған команда ІІ орын алып, 700 мың теңге иеленді.
Еліміздегі су ресурстары мәселесін шешуге арналған «CHEVRON & ENACTUS WATER RACЕ» арнаулы байқауында олар «Syr-Live» жобасын ұсынды.
Байқауға республика бойынша оқу орындарынан 128 өтінім қабылданып, 22 жоба финалдық кезеңге өтті.
– Қызылорда облысы – ақ маржанымен әйгілі аймақ. Сондықтан күріш өсіретін егіс алқаптарында суды тиімді пайдалану аса маңызды.
«Syr-Live» – дренажды қондырғыларды қолдану арқылы күріш алқаптарындағы сарқынды суларды тазартып, қайта қолдануға, су ресурстарын үнемдеуге бағытталған жоба. Жобаны жасауға университет ғалымдары да қолдау көрсетті, – деді оқу орнындағы «Business Start» жастар кәсіпкерлігі орталығының басшысы Жанарыс Түбекбаев.
Айта кету керек, Жанарыс Түбекбаевтың жетекшілігімен студенттер – Темірлан Абжанов, Дидар Сәрсенбек, Әлия Тәжібай, Нұрбол Нұржанұлы, Қарақат Оңғар, Мөлдір Бекетова, Ақылбек Избембет аталған жоба аясында жұмыс жасады.
Сонымен қатар, университет студенттерінен құралған команданың тағы бір жұмысы «BEELINE&ENACTUS: Жарқын жақта өмір сүр» арнайы IT жобалар байқауында үздіктер қатарына еніп, BEELINE кеңсесінің жаздық инкубациясына шақыру алды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!