Жастар ‒ қоғамның қозғаушы күші. Олардың әрбір бастамасы ‒ ел ертеңі үшін қаланған іргетас. Сондықтан мемлекеттің жас буынға сенім артып, қолдау білдіруі заңды құбылыс. Билік пен бұқараның өзіне артқан үміті мен мүмкіндігін сезінген жастардың осал болмауы да қалыпты жағдай. Біз осы көрініске «Жастар жаңашылдыққа үндейді» атты дөңгелек үстел барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік.
Жастардың жетістігін насихаттауды мақсат еткен шара қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №20 кітапхананың ұйымдастыруымен облыстық жастар ресурстық орталығында өтті. Шара барысында сөз алған облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының директоры Мақсат Дауылбай жастардың алдындағы міндеттер мен мүмкіндіктері жайлы әңгіме қозғап, қатысушылардың білім алуға деген құлшынысын арттыруға мотивация берді. Жастардың бас қосуына себеп болған №20 кітапхана да осы мақсаттың үдесінен шығып, шараға келген Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің, М.Мәметова атындағы жоғары педагогикалық колледжінің, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда жоғары колледжі студенттері мен Абай атындағы үштілді дарынды балаларға арналған мектеп оқушыларының еркін пікір алмасуына мүмкіндік сыйлады.
Сондай-ақ дзюдодан өткен спорт жарысының қола жүлдегері, ҚР спорт шеберіне үміткер Мағжан Ишанбек, республикалық «Үздік топ ‒ 100 студент» жүлдегері Сандуғаш Абдуллаева замандастарымен бірге жетістікке жетудің жолы жайлы ой бөлісті. Шара соңында Қорқыт ата университетіндегі Дәстүрлі өнер факультетінің студенттері «Алғыс» әнін шырқап, қатысушылар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!