Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы «Толқын орта мектебінің» түлегі Қуандық Санжар 2024-2025 оқу жылының түлектері арасында ең жоғары 140 балл жинап, үздік нәтиже көрсетті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Санжардың жетістігін жоғары бағалап, оның табандылығы мен білімге деген ұмтылысын атап өтті.

«Бұл – үлкен еңбектің, талмай ізденістің және сапалы білімнің жемісі. Санжардың жетістігі – ұстаздары мен ата-анасының қолдауының, жүйелі дайындықтың айқын көрінісі. Осы орайда, білімге деген ұмтылысы мен табандылығы үшін Қуандық Санжар Ғалымжанұлын шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы оқуында да сәттілік серік болып, болашақта ел дамуына өз үлесін қосатынына сеніміміз мол,» – деді әкім.

«Толқын орта мектебінің» ұстаздары мен түлектің ата-аналары бұл жетістікке ерекше қуанып, Санжардың болашақта да биік белестерді бағындыратынына сенім білдірді.

Биылғы наурыз айында өткен ҰБТ жоғары бәсекелестік жағдайда өтіп, талапкерлерге білімдерін дәлелдеуге мүмкіндік берді. Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, кейбір талапкерлердің нәтижесі ережені бұзғаны үшін жойылған.

Еске сала кетейік, наурыздағы тестілеу кезінде 22 талапкердің нәтижесі жойылғаны хабарланған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!