Танымал әнші Төреғали Төреәлі көптен күткен бейнебаянның тұсауын кесті деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Күні кеше Төреғали Төреәлі қасиетті Ораза айында өнердегі әріптестері мен көпшіліктің басын қосып, жақында ашылған «Barakat burger» атты дәмханасында ауызашар берді. Мейрамбек Беспаев, Кенжебек Жанәбілов, Мұқасан Шахзадаев сынды өнер майталмандары қатысқан жиында су жаңа бейнебаянның тұсауын кесті.
«Менің Толқыным» деп аталатын әннің бейнебаяны өткен жылдың қыркүйек айында түсірілген болатын. Клиптің араға алты ай салып жарыққа шығуының себебін сұрағанда, әнші: «Оның ешқандай себебі жоқ. «Сабақты ине сәтімен» дейді ғой. Сәті бүгінге түсіп тұр екен. Бірақ клипті арнайы осы күнге сақтап, шығармай қойған жоқпыз», – дейді өнер жұлдызы. Әнші бейнебаянға жұмсалған бюджеттің мөлшерін де жасырып қалмады.
«Өзім есептесіп, өзім саудаласпағаннан кейін біле бермеймін. «Менің Толқыным» әнінің бейнебаянына орта есеппен 2 мың доллардың көлемінде шығын шықты. Бұл клипті Агзамов деген өзбектің мықты режиссері түсірді. Менің ең алғашқы «Бол жанымда» деген әніме де бейнебаян түсірген сол кісі», – дейді әнші.
Төреғали Төреәлінің Көлсайда жас жігітті соққыға жығып, басы дауға қалған кезі көпшіліктің есінде болар. Аталған жайт «Менің Толқыным» әнінің бейнебаянын түсіру барысында болғанын еске саламыз. Алайда әнші жағдай ушықпай тұрып, өзі жұдырықтың астына алған Бекарыс есімді жігітпен татуласқанын мәлім еткен еді. Төреш Көлсайда болған оқиғаны, қамауда болған күндерін бастан-аяқ баяндап берді.
«Жасаған нәрсемнің айыбын алып, заңға бағындым. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзі бар. Өнер жолы болсын, өмір жолы болсын, бұралаң жолдары көп. Бейнебаянда «Менің Толқыным» әнінің жаңа нұсқасы орындалады. Толқынға бейнебаян жасап берейін деген ниет болды. Клипті қайда түсіреміз деп жүргенде өзінің туған жеріне, төркінінде – Көлсай мен Шарында түсіреміз деп шештік. Клип түсірдік, бәрі бітті.
Бір қызық айтайын, Қазақстанның қанша ауыл-аймақ, елді мекендерінде концерт берсем де, Нарынқолға бармаппын. Болған жағдайдан кейін Кегенде уақытша ұстау изоляторында жатырмын. Бұрынғы бабаларымыз жатқан абақтыға ұқсайды. Кеген деген дала, желдің гуілі, иттің үргені естіліп тұрады. Сөйтіп Толқынға хабарласып: «Кегенде абақтыда жатырмын. Сен жоқсың, бұл қалай болды?» десем, Толқын: «Қайын жұртыңызға барып, концерт қоймай жүр едіңіз ғой. Құдай сізге концерттің көкесін қойдырып берді», – деп жауап берді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!