Тарих тағдыры, ел дамуы мен модернизация осы қозғаушы күшке байланысты. Қуантатыны, замандастарымыздың ойы еркін, рухы азат, болмысы бөлек. Қоғамдық шарада белсенді. Олардың шығармашылығын дамытуға, кәсіпкерлікте шыңдап, біліммен биікті бағындыруына күш салынып келеді. Соның арқасында жаңашыл жастар жаңаша бағыттағы жобаларды жүзеге асырып, көңіл қуантуда. Солардың бірқатарын тарқатып айтамыз.

Бүгінде ең маңызды мәселенің бірі – жастар санатын анықтау мақсатында адресті зерттеу жұмыстары жүргізілген. NEET санатындағы жастардың санын азайту, оларды оқыту, әлеуметтендіру, кәсіпкерлікке баулу секілді бағыт бойынша тиісті салаларға ұсыныс берілген. Жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуде облыстық деңгейде қолға алынған «Мүмкіндіктер керуені» шарасының маңызы мол. Сонымен қатар биыл облыстық жастар қоғамдық кеңесі құрылғанын айту керек

. Кеңес құрамына облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, «Ауған-Тәжік» соғысының ардагерлері, ерекше жандар, қоғам белсен­ділері, әрбір ауданның белсенді жастар өкілдері енді. Мұнда салаға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, механизмдер айқындалады. Деректерге сүйенсек, қазіргі таңда тиісті органдармен, құрылымдармен салааралық байланыс күшеюде.

Ендігі кезекте жастардың сұранысына, оларды қандай дүние қызықтыратынына тоқталсақ. Қазір жастардың талабы жоғары. Олар тіл үйрену, жаңаны меңгеру арқылы болашаққа батыл қадамдар жасауда. Келешектің кәсібі – ІТ-де өзін қалыптастырғысы келетіндер және бизнестен өзін табуға талпынғандар көп. Бұл ретте идеяны игілікке айналдыруға мүмкіндік мол. Әсіресе, бизнеске енді қадам басқан жастардың тәжірибелі маманнан кеңес алып, нәтижеге жетуіне жағдай жасалған. Жастарға арналған контенттерді дамыту да назардан түскен емес.

– «Биыл «Жас ғалым – 2022» шарасы, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және әлеуметтендіру бойынша аула клубтарын ашу, «Basta» бизнес лагері, «Invest Orda» облыстық бизнес жобалар байқауы, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру, «Технократтық қоғам» жобалары мен Байқоңыр қаласындағы жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында коворкинг орталығын ашу жұмыстары іске асуда. Сондай-ақ облыстық «Жастар ресурстық орталығы» ғимаратында жастарға, жасөспірімдерге арналған үйірмелер іске қосылған. Кәсіпкерлік бойынша жастар облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау ҰП облыстық филиалы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ тарапынан түрлі мүмкіндіктер, гранттар жайлы біле алады. Жастардың «Kyzylorda Business Hub» облыстық стартап жобалар байқауында да топ жаруы өз қолында, – дейді мамандар.

Бұдан бөлек жастардың психологиялық кеңес алуы, экологиялық сауатын арттыру бағытындағы мазмұнды шаралар, жастардың білімін шыңдайтын білім бәсекелері, байқаулар жүйелі ұйымдастырылуда.Шәкәрім айтқан «адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл». Осы сөздерді тұмар еткен жастардың игі істерде де қолтаңбасы бар. Себебі өңірде бұл қозғалыс ерекше қарқынмен дамыды, еріктілер қиналған жанға демеу болып, ауқымды істердің басы-қасынан табылды. Оның үстіне волонтерлардың көбі осы жастар санатынан. Ерікті түрде волонтер атану да жастардың таңдауы, солардың ынтасы. Олар бұл шараларға өз қалауымен ғана қатысады. Бұл – еріктілікке ынталандыру, волонтерлік мәдениет туралы таным-түсініктің толық қалыптасқанының нәтижесі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!