Қазақстанда жастар саясатына қатысты мәселелермен айналысатын 6 комитет пайда болды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін жастар саясаты жөніндегі кеңестің елордалық мүшелерімен кездестім. Сондай-ақ, zoom арқылы шетелде тұрып жатқан әріптестермен әңгімелесіп, өзекті мәселелерді талқыладық. Кеңестің жаңа құрамы жуырда жасақталғанына қарамастан, біраз жұмысқа кірісіп кеттік. Жұмысты тиімді ұйымдастыру үшін біз жастар саясаты саласының маңызды бағыттары бойынша 6 комитет құрдық. Атап айтқанда, білім беру және ғылым, медиа, креативтілік және өнер, экология, мүмкіндігі шектеулі жастар, гендер мәселелері, тұрғын үй, жұмыспен қамту тағы басқа», – деп жазды Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында .

Мемлекеттік хатшының айтуынша, сәуір-маусым айларында аталған комитет мүшелері мемлекеттік орган басшыларымен кездесу өткізуді жоспарлап отыр.

«Кеңес мүшелері заң шығару жұмысына атсалыса бастады. Кеңестің 15 мүшесі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының құрамына кірді. Сондай-ақ, Кеңес мүшелері волонтерлік қызмет, қайырымдылық, үкіметтік емес ұйымдарға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар және гранттар туралы заң жобалары бойынша жұмыс топтарына қатысады», – дейді ол.

Сондай-ақ, Ерлан Қарин кеңес мүшелері кибербуллинг туралы заң жобасының қоғамда қызу пікірталас тудырған нормаларды пысықтап, өзгертуге атсалысқанын айтты. «Кеңестің алдағы жұмысы да өте қауырт. Оның мүшелерін жастарға қатысты маңызды бағдарламалық құжаттарды әзірлеуге жұмылдыру жоспарланып отыр», – деді Е. Қарин. Айта кетейік, Президент жанындағы жастар саясаты кеңесінің жаңа құрамдағы алғашқы жиыны Алматыда өткен болатын.


 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!